KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Ертең ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі басталады

pexels.com

19.09.2025, 18:00 194 Төлеуғазы Жансая

20 қыркүйектен бастап елімізде ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі өтуде. Бұл кезеңде интервьюерлер барлық елді мекенде үй-үйді аралап, шамамен 1,2 млн үй шаруашылығын қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы санағы Қазақстанда екінші рет ұйымдастырылуда. Оның басты мақсаты – аграрлық саланың қазіргі жағдайы туралы толық әрі нақты мәлімет алу, әсіресе ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейінде. Сауалнама парағы 22 сұрақтан тұрады. Онда мал мен құстың болуы, жерді пайдалану, бақша егу, тыңайтқыш қолдану және басқа да мәліметтер қамтылған.

Үй-үйді аралау жұмысына 2,5 мыңнан астам интервьюер жұмылдырылады. Олар көк түсті арнайы формада – жилет пен бейсболкада болады, бейджінде жеке басын растауға арналған QR-код қойылады. Егер үй иелері болмаған жағдайда, интервьюер байланыс нөмірі көрсетілген хабарландыру қалдырады.

Ұлттық статистика бюросы ақпараттың құпия сақталатынын және тек жалпыланған түрде пайдаланылатынын мәлімдеді. Азаматтар сұрақ туындаған жағдайда Бюроның байланыс орталығына 1446 нөмірі арқылы хабарласа алады (жұмыс уақыты 9:00–21:00, қоңырау шалу тегін).

Ауыл шаруашылығы санағы 1 тамызда басталып, 20 қазанға дейін жалғасады. Жиналған деректер ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты шешімдер қабылдауға негіз болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу