Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды
1 тамыздан бастап елімізде он жылда бір рет өтетін аса маңызды шара — Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бұл науқан ауыл шаруашылығы саласын кешенді дамытуға бағытталған шешімдердің негізін қалайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Санақ екі кезеңде өткізіледі: 1–31 тамыз аралығында онлайн форматта sanaq.gov.kz сайтында; 20 қыркүйектен бастап офлайн түрде, интервьюерлер тұрғын үйлерді аралап шығады.
Онлайн қатысу үшін ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код қажет. Сауалнама сұрақтары жер, техника, мал басы, инфрақұрылым, өнім өндіру және өткізу тәрізді тақырыптарды қамтиды.
Санақтың алдын ала нәтижелері — 2025 жылдың желтоқсанында, ал қорытындысы — 2026 жылы жарияланады.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін — фермерлерді, жеке қосалқы шаруашылық иелерін және агроөнеркәсіп субъектілерін sanaq.gov.kz сайтында сауалнама толтыру арқылы санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл – ауыл болашағына қосқан нақты үлес!

