Тәртіп сақшылары спорттық жарыста күш сынасты – Глубокое

Биыл Ішкі істер органдарында тергеу қызметінің құрылғанына 60 жыл толды. Осыған орай айтулы шаралар легі жалғасып жатыр.
Мерейтой аясында 4 сәуір күні Глубокое аудандық ПБ жеке құрамы арасында спорттық сайыс өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Додаға аудандық ПБ Тергеу бөлімшесі, Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі, Уақытша ұстау изоляторы ұжымы, Әкімшілік полиция, Белоусовка КПБ кезекші бөлімі, Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері қатысқан. Тәртіп сақшылары эстафета, баскетбол сынды спорт түрлері бойынша күш сынасып, ойын көркін қыздырды.
1-орынды Уақытша ұстау изоляторы мен Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастықтары және Белоусовка кенттік полиция бөлімінің қызметкерлерінен құралған команда, 2-орынды Тергеу бөлімшесі алса, 3-орын Жергілікті полиция қызметі бөлімшесіне, 4-орын Криминалды полиция бөлімшесіне бұйырды.
Елеулі оқиғаға орай әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін арнаған аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Серік Акасов жеңімпаз командаларды марапаттады. Глубокое АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Азамат Салимбаев та өз лебізін білдірді.