Жолдар жөнделсе, демалушы туристер саны да артады – ШҚО
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Ағымдағы жылы облыс аумағындағы демалыс орындары молынан шоғырланған өзен-көлдерге апаратын жолдар жөнделіп, туристердің жағажайларға жетуі жеңілдемек.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов осылай деді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сібе көлдеріне апаратын ұзындығы 25 шақырым жол жөнделеді. Сөйтіп «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынатын жобаның арқасында тартымдылығы жоғары туристік аймаққа бару бұрынғыдан жеңілдей түспек.
Бүгінгі күні мұндай әдістің еліміздің батыс өңірлеріндегі мұнай скважиналарына апаратын жолдарында кеңінен қолданылатынын атап өткен ол, Автокөлік комитетінің тапсырмасына сәйкес, оны Шығыс өңірінде де қолданып көруге шешім қабылдаған. Цемент араластырылып құйылған жол бетон тәрізді қатып қалады. Бұл әсіресе қысы қытымыр, жазы аптап келетін біздің аймақ үшін таптырмайтын әдіс болуы да мүмкін. Оның үстіне, аталған жол бөлігіне эксперименталды жабын төсеу, біріншіден, жергілікті тұрғындардың жол учаскесін жөндетуге деген сұранысына сай болса, екіншіден, ол жердің қалаға жақын болуы жолды жиі тексеру мүмкіндігін арттырады.
Басқарма басшысы айтқандай, біраз бұрын Ұлан ауданы әкімдігі Шыбындыкөлге апаратын жолға жобалық-сметалық жоба жасаған. Алайда бес шақырымдық жол бойында орман қорының жерлері болғандықтан, жоба іске аспай, жасалған құжат ескіріп қалған. Орман қорына тиесілі жерлердің мақсатын жол мақсатына өзгерту заңнамалық тұрғыда тек республикалық маңыздағы жолдарды салу кезінде ғана рұқсат етілетінін алға тартқан басқарма басшысы аталмыш норманы өзгерту қажеттігі жайында тиісті министрлікке ұсыныс та жазылғанын айтып өтті.