KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да бірқатар жол жұмысы аяқталады

шартты сурет

12.05.2023, 23:50 517 Оразай Жеңісұлы

Биыл «Омбы-Майқапшағай» тасжолының Шығыс Қазақстан аумағындағы бөлігінде жөндеу жұмыстары бірқатар деңгейде аяқталады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің хабарлауынша, ұзақ жылдар бойы жолаушыларға азабын тартқызып келген жолдағы жөндеу жұмыстарының біразы биыл еңсерілетін көрінеді. Атап айтсақ, ағымдағы жылы аталмыш тасжолдың Зайсан ауданының аумағындағы бөлігінде жөндеу жұмыстары бірқатар деңгейде аяқталып, ел игілігіне жарамақ.

– Еліміздің Бас прокуратурасы үлкен коллегия өткізіп, онда Президенттің тапсырмасына орай соңғы он жылда орындалған жұмыстарға жүргізілген тексерудің қорытындыларын жария етті, – дейді Нұржан Жұмәділов. – Аталмыш жиында айтылған үлкен мәселенің бірі осы «Омбы-Майқапшағай» тасжолына қатысты мәселе болды. Оның ішінде «Қалбатау-Майқапшағай» учаскесі жайлы айтылды. Жалпы, республикалық тасжолдың Абай және Шығыс Қазақстан облыстары аумағындағы бөлігінің ұзындығы – 415 шақырым. Ал нақты Шығыс Қазақстан облысының аумағынан өтетін бөлігі – 218 шақырым.

Шығыс Қазақстандағы жолдың 170 шақырымға жуығына асфальт жабыны төселгенін атап өткен ол жолдың 113-ші шақырымынан, яғни Боғас пен Ақмектеп арасындағы облыс шекарасынан бастап ары қарайғы қалған бөлігіндегі жөндеу жұмыстары биыл жүргізілетінін айтты. Жалпы, жөнделіп жатқан жолдың жартысын жергілікті компания жүргізсе, қалғанын қытайлық құрылыс компаниясы жүзеге асыруда. Бүгінде қосалқы мердігерлерді жұмылдырған шетелдік бас мердігер жұмысты жеделдете түскен.

– Қазіргі уақытта біздің басты талабымыз – құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерлердегі айналма жолдардың жайы, – дейді басқарма басшысы. – Уақытында шаңын басып, қалыпты жағдайда ұстау – басты міндетіміз. Сапа орталығы мен құрылыс компаниялары бұл мәселені үнемі бақылауда ұстайды.

Оның айтуынша, құрылысы бір емес, бірнеше жылға созылып келген ауқымды жобаны аяқтау уақыты келесі жылдың соңына қарай межеленген көрінеді. Дей тұрғанмен, барлық мәселе құрылыс материалдарының бағасы мен жеткізілу мерзіміне байланысты. Жауапты тұлғаның хабарлауынша, аталмыш құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамалары 2017 жылы жасалғандықтан, ондағы көрсетілген құрылыс материалдарының бағасы да сол кезге сәйкес көрінеді.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін облыста 260 шақырымнан астам жол жөндеу көзделгенін айтқан едік. Яғни, ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңыздағы автожолдарды жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат қарастырылса, осы қаражатқа биыл облыс орталығындағы Жібек жолы көшесінен «Алматы-Өскемен» тасжолы бағытындағы автомобиль жолы толықтай жөнделеді. Сонымен қатар 242 шақырымға жуық облыстық және аудандық маңызы бар жолдар орташа жөндеу көрсе, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 шақырым аудандық маңыздағы жол қалпына келтіріледі. Атап айтсақ, аталмыш бағдарлама аясындағы жөндеу жұмыстары негізінен «Өскемен-Тарғын-Самар», Сібе көлдері, «Зайсан-Шілікті», «Ақжар-Шілікті» бағыттарындағы жолдардың біраз бөлігі мен Жаңа Бұқтырма кентінің, Ақжар ауылының кіреберіс жолдарын қамтымақ.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу