Орман өртінің алдын алу жұмыстары қандай деңгейде? – ШҚО
Фото: Шартты сурет
Облыстағы орман қорының жалпы ауданы 2,9 млн га, оның 1,6 млн гектарын орман көмкеріп жатыр. Облыс әкімдігіне қарасты аумақ 2,1 млн га. Облыс бойынша орман алқабын қорғау, күзету және орман қорын молайту жөніндегі қызметті орман шаруашылығының 13 мекемесі жүзеге асырады. Сонымен қатар барлық мекемелерде демалыс және мереке күндері кезекшілік жүргізіледі.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, өрт қаупі кезеңі биыл 5 сәуірден бастап бекітілді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Орман өртінің алдын алу мақсатында биыл ұзындығы 74 км болатын арнайы жолақтар орнату, осындай 819 км жолақты күтіп ұстау, 54 км болатын орман жолдарын салу, 230 км болатын жолды жөндеу, 23 демалыс орнын жабдықтау, 34 тікұшақ алаңын орнату жоспарланып отыр.
Халықты ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелері туралы хабардар етуге бағытталған жұмыстар күшейтілмек. Дәлірек айтқанда, ұйымдар мен оқу орындарында семинарлар, әңгімелер мен дәрістер өткізу, жадынамалар тарату, газет, журнал және интернет ресурстарында мақалалар жариялау көзделген.
Биыл өртке қарсы 160 техника және 3 мыңнан астам құрал-жабдық (мотопомпалар, бензоаралар, хлопушкалар және т.б.) әзірленді.
Орман қорындағы өрт ықтималдығын бақылау мен өрт сөндіру үшін қосымша 4 ұшу техникасы (Ми-8 – 1 борт, Ми-2 – 2 борт, АН-2 – 1 борт), 4 бақылаушы ұшқыш және 16 өрт сөндіруші-десантшы тартылады. Барлығы 501 ұшу сағаты қарастырылған.
Дерек бойынша, соңғы 6 жылда облыстық бюджеттен орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 1 млрд 960 млн теңге бөлінген.
Орман шаруашылығына 14 өрт сөндіру машинасы, 32 трактор, 40 шағын өрт кешені, 16 патрульдік машина және өртке қарсы өзге де жабдықтар сатып алынған.
Өртке қарсы техникамен және құралдармен жабдықтау 2022 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша норманың 75%-ын құраған. Сонымен қатар 2023 жылға «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл жасағы» базасында 20 адамнан тұратын өртке қарсы қызметті құру үшін 169 млн теңге бөлінген.
Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы аясында 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу тапсырылған. Кешенді жоспар (2021-2025) әзірленген. Оның шеңберінде 15 мың га жерге 76 млн дана көшет отырғызылады. Мәліметке сәйкес, 2021-2022 жылдарға жоспарланған іс-шаралар толық орындалған. Биыл 1537 га жерге 7,8 млн дана көшет отырғызу жоспарланып отыр.