ШҚО-дағы 5 аймақ өрт қаупінің 4-санатында
Фото: gov.kz
Өңірдегі ыстық, құрғақ ауа райына байланысты ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң орындау керектігін еске салады.
Қазіргі таңда өңірдегі бірнеше аудан өрт қаупі бойынша жіктелген. 1-санатта Марқакөл, 3-санатта Өскемен қаласы, 4-санатта Риддер қаласы, Алтай ауданы, Үлкен Нарын, Күршім және Катонқарағай аудандары, 5-санатта Самар ауданы тұр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО ТЖД қызметкерлері өртті бастапқы кезеңдерінде космомониторинг арқылы анықтай алады.
ШҚО ТЖД аудандардағы өрттің алдын алу мақсатында азаматтардың орман аймағына баруы шектелетінін хабарлайды. Бұл кезеңде шөп өртеуге, орманда от жағуға болмайды. Балаларға от және сіріңкемен ойнаудың қауіптілігі туралы барынша түсіндіру қажет. Темекі тұқылын рұқсат етілмеген жерге тастауға болмайды. Сонымен қатар саяжай аумақтарында су құйылған бөшке немесе өрт сөндіргіш сынды алғашқы өрт сөндіру құралдары болуы шарт. Үйлердің маңайында орналасқан саяжайлар аумағын жинау кезінде от жағуға қатаң тыйым салынады. Рұқсатсыз от жағу, қалдық шөптерді бақылаусыз өртеу және өрт қауіпсіздігі ережелерін орындамау деректері үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Профилактикалық рейдтердің нәтижесінде мобильді топ облыс аумағында 31 бұзушыны анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Өрт кезінде "101" және "112" телефондары арқылы хабарласуға болады.