ШҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Таңбаланған адамдар және тағдырлар» атты экспозициялық көрме ашылды.
Көрмедегі материалдар саяси қуғын-сүргін құрбаны болған шығысқазақстандықтардың қайғылы тағдырын баяндайды. Құжаттар мен фотосуреттер сол уақытта адамдардың қалай заңсыз сотталып, атылғанын куәландырады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1927-1953 жылдар аралығында қазақ жерінде 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған, оның ішінде 25 мың адам ату жазасына кесілді. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстары бар. Жалпы, «Алаш-Орда» ісі бойынша барлығы 4297 адам қуғын-сүргінге, оның 2062-сі ату жазасына ұшыраған.
Музейдегі экспозицияның орталық бөлігі Алаш көшбасшыларын еске алуға арналған. Мұнда Алаштың ұлы тұлғаларына қатысты фотосуреттер мен құжат көшірмелері қойылды.
Экспозицияда 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа, конфескелеуге байланысты құжаттар да бар.
Сондай-ақ экспозицияда Қазақстанға жер аударылған поляктар, корейлер, немістерді, Солтүстік Кавказ халықтары жайлы баяндалады.