Өскемендегі өлкетану музейінде көрме ашылды
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрме ашылды.
Қабырғаға ілінген ақ-қара суретті бейнелердің астындағы биографиялық баяндар «Ұсталды. Абақтыға жабылды. Атылды» деп қысқа қайырылған. Ал олардың ғұмырнамасын зерттеушілерден індете сұрасаң, қайраткерлігіне қайран қаласың. Бәрі де елім деп еңбек етіп, ұлт мүддесі жолында мерт болған. Музей залындағы «Таңбаланған. Адамдар және тағдырлар» атты экспозициясына саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты ақпарат пен жәдігерлер жиынтығы қойылыпты. Ал темір тормен қоршалған музей төрінде «Алаш арыстары» қасқайып тұр. Басқыншы жүйеге бас имей кеткендердің суретінің өзі айбарлы көрінеді.
– ХХ ғасырдың 20-жылдарында басталған қызыл террор саясаты елдің кеңістігін қанды толқындармен шарлады. Қан, көз жасы, азап – бұл сол замандағы адамдарға ең жоғары идеалдарды уағыздайтын озбырлықтың көрінісі. Экспозиция материалдары саяси қуғын-сүргін құрбаны болған шығысқазақстандықтардың қайғылы тағдырлары туралы баяндайды. Қуғын-сүргіннің алғашқы толқынына «Алаш» партиясының мүшелері, Алаш-Орда қайраткерлері түсті. Қазақ зиялыларының қуғын-сүргінге ұшыраған жаңа толқыны 1937 жылы басталады. «Алаш-Орда» ісі бойынша барлығы 4297 адам қуғын-сүргінге, оның 2062-сі ату жазасына ұшырады. Сол бір ерекше дарынды, білімді адамдарды большевизмнің рақымсыз күші жойды. Экспозицияның орталық бөлігі Алаш көшбасшыларын еске алуға арналды, – дейді музей қызметкері Альфия Бақбаева.
Экспозицияның фотосуреттері мен құжаттары ауыл шаруашылығын күштеп жаңғыртудың, шаруалардың наразылық қозғалысының көрінісін де баяндап тұр. Қанды тарихты баяндайтын қабырғадағы суреттер қоныс аударушылардың тарихынан, аштықтың салдарынан көрініс береді. Жалпы, сол тұста шаруалар қуғын-сүргінге ұшыраған алғашқы әлеуметтік топтардың бірі болғандығын көрме құжаттары айғақтап тұр. Енді бір залда Қазақстанға жер аударылып келген поляктар, корейлер,, немістер және Солтүстік Кавказ халықтарының тағдырлы тарихын баяндайтын құжаттар мен суреттер топтамасы қойылыпты. Біз бұл шарада саяси нәубетте құрбан болған атасының тағдыр жолы мен тарихын зерттеп, зерделеп жүрген қонақтарды да жолықтырдық. Солардың бірі – Бижамал Қайсақызы.
– Бүгінгі саяси-қуғын сүргін құрбандары күні қарсаңында жазықсыз жапа шегіп, ажал құшқан жандардың рухына басымды иіп, тағзым жасап келіп отырмын. Жазықсыз оққа ұшқан жандардың арасында Құндақбаев Кәрім атамыз болды. Ол кісі Шығыс Қазақстан облысына қарасты 5 ауданда қызмет атқарған. Ең соңында Көкпекті ауданының бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде атылып кеткен. Өмір тарихы мен атқарған қызметіне қатысты барлық құжаттарды жинап, зерттеп, зерделеп, музейге өткіздік. Есімі ескеріліп, Зайсан ауданынан атына көше берілді. Енді Алматы қаласы маңындағы Жаңалық ауылында атамызды және қуғын-сүргін құрбандарын атқан жерде музей ашылыпты. Соған бір бума құжаттарын дайындап қойдым, – дейді Қайсақызы Бижамал.
Бұл көрмеде 1986 жылғы «Желтоқсан» ызғырығы да ескеріліп, ел назарына ұсынылыпты. Іздеген адам саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты деректерді көптеп таба алатындай екен. Салтанатты түрде ашылған көрмені жұрт үнсіздікпен тамашалап, терең ойға шомып қайтты.