ШҚО-да жетуі қиын жерлердегі өртпен күресіп жатыр
ШҚО-да жетуі қиын таулы жерлерде өрт шықты.
Өрт 17 маусымда Катонқарағай ауданы мен Риддер қаласында тіркелді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
17 маусымда Катонқарағай ауданында, "Катонқарағай ұлттық табиғи паркі" РММ Ақсу филиалының аумағында (Усть-Язовское орманшылығы) өрт шықты. Шөп, бұта жанып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, өрттің ауданы 15 га құрады.
Өртті сөндіруге "Қазавиаорманды қорғау" қызметкерлері, орманшылар, жергілікті атқарушы органдар, ШҚО ТЖД өрт сөндірушілері жұмылдырылды. Жеке құрамның барлығы 111 адамы, 3 бірлік техника және ШҚО әкімі аппаратының әуе бөлімшесінің 2 тікұшағы жұмыс істеуде. Отпен күресуге қатысқан десант тікұшақпен жеткізілді, өйткені жер бедері автотехникамен жүруге мүмкіндік бермейді.
Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп жоқ.
Сондай-ақ осы күні "Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы" РММ аумағында Риддер қаласынан 80 шақырым жерде де өрт болды. Жану ауданы шамамен 6 га құрайды.
Өртті сөндіруге орман шаруашылығы техникасы, ШҚО ТЖД, шекарашылардан 58 адам және 9 бірлік жұмылдырылды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев, оның орынбасарлары, ТЖ департаментінің басшылығы әуеден барлап, отпен күресті бақылауда.
Төтенше жағдай қызметінің ақпаратына сүйенсек, мұнда да елді мекендерге қауіп жоқ.
Жел екпіні - 1 м/сек.