ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салықтық тексерулер жүргізу тәртібі туралы түсіндірді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерік Татубаевтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Брифинг барысында салықтық тексеруге салық және өзге де заңнама нормаларының орындалуы жататыны, сондай-ақ олардың орындалуын қадағалау салық қызметі органдарына жүктелгені жайлы айтылды.
– Тексерулерді тек салық органдары жүзеге асырады. Тексеру тек нақты салық төлеушіге ғана емес, сонымен қатар тексерілетін адамның қызметіне байланысты құжаттарды, ақпараттарды білетін адамдарға да қатысты жүргізілуі мүмкін. Салықтық бақылау кешенді, тақырыптық, қарсы тарапты және хронометражды тексеріс болуы мүмкін. Тексерудің басты шарты – қадағалау салық төлеушінің жұмысын тоқтатпауы тиіс, – деді Ерік Татубаев.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тексерулер бірнеше түрге бөлінген екен. Яғни, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімді салықтық тексерулер және жоспардан тыс тексерулер.
- Мерзімді тексерулер салық төлеушілердің қызметі бойынша салық есептілігін, уәкілетті органдардың мәліметтерін, ресми және ашық ақпарат көздерінен алынған талдау нәтижелері бойынша тағайындалады. Тексерудің осы түрін тағайындау үшін уәкілетті органның шешімімен бекітілген тексерулердің жартыжылдық кестесі негіз болып табылады. Жоспардан тыс тексерулерге тексерудің барлық басқа түрлері жатады. Жоспардан тыс тексерулерді тағайындаудың ерекше тәртібі ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде қарастырылған. Мерзімді және жоспардан тыс тексерулер жүргізу тәртібі мен ережелері бірыңғай болып табылады, – деп түсіндірді Ерік Татубаев.
Тексеру нәтижелері бойынша "Тексеру актісі" жасалып, оған қол қойылып, салық төлеушіге тапсырылады. Актінің тапсырылған күні тексерудің аяқталғанын көрсетеді.
– Егер тексеру нәтижелері бойынша 172 млн 500 мың теңгеден асатын салық сомасын қосымша есептеу көзделсе, онда тексеру аяқталған сәтке дейін "Алдын ала акт" жасалады. Салық төлеуші салықтық тексерудің алдын ала актісі тапсырылған күннен бастап 15 жұмыс күннің ішінде келу тәртібімен "Алдын ала актіге" жазбаша қарсылық беруге құқылы, – деп түйіндеді спикер.