Зайсан қаласының тұрғынынан газды тапанша тәркіленді – ШҚО
Фото: egemen.kz
Шілде айының соңында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Зайсан қаласының Спамбетов көшесінде 23 жастағы тұрғынды ұстаған.
ШҚО ПД ұсынған мәліметке сәйкес, оны тінту барысында тапанша және үш патрон тәркіленді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген тапанша – өзін-өзі қорғауға, дыбыстық сигнал беруге арналған 1998 жылы шығарылған 8 мм калибрлі «ИЖ–79-8» маркалы газды тапанша екені анықталған. Тапанша атыс қаруының қатарына кірмейді.
Ер адам тапаншаны Марқакөл ауылындағы тасжолдың бойынан тауып алып, жеке пайдалану үшін қалдырғанын айтты.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 482-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Осы бап қарудың негізгі құрамдас бөліктерін тәркілей отырып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге әкеп соғады.
Тәртіп сақшылары қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау дерегі үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы да еске салады.