KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.55 524.28 4.75

ШҚО-ның Первомайка кентінде ауызсу мәселесі шешіледі

Фото: yandex

14.09.2023, 22:54 190 Мадина Амангелдіқызы

Первомайка кентіндегі ондаған жылдар бойы түйіні тарқатылмай келе жатқан түйткілді мәселенің бірі – ауызсу. Инженерлік желілердің ескіріп, тозуынан халықты тіршілік көзімен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр.
Жергілікті тұрғындар бұл жағдайды Шемонаиха ауданына жұмыс сапарымен барған кезде аймақ басшысы Ермек Көшербаевқа айтқан, облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдағанда да ауызсу мәселесі назардан тыс қалмады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аудан әкімі Григорий Акуловтың сөзіне қарағанда, күз бен қыста проблема болмас үшін мамандар қазір ескі су жинағыш пен жаңасының арасын жалғауды қолға алған. Ал жаңа су құбыры желісінің жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Жобаның құны – 232 миллион теңге, оның 219 миллионы республикалық бюджеттен бөлінеді. Қазір бұл мәселені үкімет деңгейінде қарастырп жатыр. Алайда өңір басшылығы күтіп отырмай, жетпей тұрған қаржыны облыс қазынасынан бөлетін болды. Осы қаражатқа екі сорғы сатып алынып, бұрғылау жұмысы жүргізіледі. Аудан әкімінің айтуынша, барлығы 12 ұңғыма бұрғыланып, 1,2 км кварталішілік желі тартылады.
Аталған жоба жүзеге асырылғанда кент тұрғындарын мазалаған өзекті проблеманың бірі шешімін таппақ. Ал облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлу жұмысты тезірек орындауға мүмкіндік туғызады.
Қыркүйектің 19-ы күні Первомайка тұрғындарының қатысуымен жиын өтеді. Осы жиында аудан әкімі жобаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы жан-жақты хабардар етеді. Кенттегі ауызсу мәселесін аймақ басшысы өзінің тікелей бақылауында ұстап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу