KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Катонқарағай ауданы Өскеменге 200 самырсын көшетін тарту етті

23.09.2023, 10:00 598

Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары әр сенбіде жәрмеңкеге баруды әдетке айналдырып алды. Ауылдың дәруменге бай құнарлы азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағаға басқа жерден таба алмайтынын біледі өйткені.

Бұл жолы Өскеменге Катонқарағай ауданынан керуен келді, деп хабарлайды Altаynews.kz сайты.
Жай келген жоқ, сый-тартуын ала келіпті. «Туған ел – алтын бесігім» жобасы аясында эстафетаны қабылдап алған Катонқарағай ауданы азық-түлік өнімдерімен қоса 200 түп самырсын көшетін әкеліпті.

– Кешелі бері Өскеменде Катонқағарай ауданының күндері өтіп жатыр. Көрме, концерт, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, бүгін, міне, жәрмеңкеге де кезек жетті. Бұл жерде көпшілік қауым арнап бал көтеру, қымыз ішу, қошқар көтеру сияқты сайыстарға қатысып, жеңімпаздар сыйлыққа сол табиғи өнімдерді алды. Сонымен қатар 200 түп көшет әкеліп, Өскеменге сыйға тарттық. Қала әкімдігі бұл көшеттерді бір-екі күнде отырғызатын болады, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалихан.  

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аймақ басшысы Ермек Көшербаев аралап көріп, еңбегінің жемісін елге ұсынып жатқан шаруалармен тілдесті. Базарда өзге аудандарды қойып, еліміздің өзге өңірлерінде кездесе бермейтін, тек Катонқарағайдың брендіне айналған панты мен бал өнімдері келушілерге молынан ұсынылған екен. Алушылар қарасы да аз болмады. Көпшілікпен бірге облыс әкімі де ауылдың дәмінен сатып алып, отандық өндірушілердің еңбегін қолдады.

– Ауданның 13 ауылдық округінен шаруа қожалықтары өздері өндірген өнімдерін әкелді. Айталық, 2,5 тонна мүйізді ірі қара, 2 300 келі жылқы, 800 келі қой еті, сондай-ақ 13 тонна бал, 1,5 млн. теңгенің панты өнімдерін және басқа да алуан түрлі өнім сатуға шығарылды. – дейді Катонқарағай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Тұрсынхан Базарбаев.    

Катонқарағайлық өнерпаздардың концертін тамашалап, спорттық ойындардың қызығына түскен базаршы жұрт жәрмеңкеге жеңіл келіп, ауыр қайтып жатты. Әсіресе, Алтайдын балы мен пантысы, ет пен сүті өтімді болды. Жәрмеңкенің басты артықшылығы да сол ғой. Сатушы мен алушының арасында ешқандай делдал жүрмейді мұнда. Сондықтан баға да төмен. 
Болашақта бұл жақсы үрдісті жолға қойып, облыс орталығында азық-түлік белдеуін қалыптастыруды көздейтін ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Өскеменде салынып жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығы осы мақсаттағы жобалардың бірі. Бұл нысан іске қосылған соң өңірдің ауылшаруашылық өндірушілері өз өнімдерін осында әкеліп қоймаларда сақтай алады және ең бастысы тұтынушыларға делдалсыз сатады. Оның қызметі екі жаққа да тиімді. Бүгінде жергілікті шаруалар өз өнімдерін амалдың жоқтығынан қаладағы делдалдар мен алыпсатарларға өткізіп келсе, алдағы уақытта тұтынушыларға тікелей саудалауға мүмкіндік туады.
Онда фермерге қажетті барлық қызмет түрі, атап айтқанда құжаттарды ресімдеу, сараптама жүргізу және сатылатын өнімдерге сапа сертификатын беру қарастырылған. 
Мұндай ірі инвестициялық жобаны қолға алудағы негізгі мақсат – ішкі нарықты өзіміздің сапалы азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағада қамтамасыз ету, инфляцияны тежеу. 
 «Алтай» көтерме-тарату орталығының жұмысы жергілікті билікке агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің бағасын негізсіз көтеретіндермен күресуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өйткені мұнда жергілікті өнімдермен қатар еліміздің оңтүстік өңірлерінен де тікелей жеткізілген азық-түлік тауарларын қабылдау көзделген.

Айта кетсек, кеше Катонқарағай ауданының мәдени күндері аясында "Ертіс концертте" гала-концерт пен көрме өткен болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив