Зайсанда ұлттық спорттан республикалық турнир басталды
Бүгін Зайсан қаласында құмай тазылар жарысы өтті.
Зайсан ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Шығыс Алтай» республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ұлттық спорттың бір тармағына жататын құмай тазы, қыран құспен аң аулау өнері елімізде кешенді түрде дамып келеді.
Зайсанды дүбірге бөлеген айтулы додаға Атырау, Алматы, Абай, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының, Астана қаласының, Ұлан, Зайсан аудандарының құсбегілері мен тазы баптаушылары жиналды.
Турнирдің бірінші күнінде құмай тазылардың жүгіру жарысы өтті. Барлығы 26 тазы қатысты. Жарыста жүйріктігі желмен бірдей қазақы иттердің ұшқырлығы, ептілігі, қырағылығы сыналды.
Жарыстың қорытындысы бойынша, I орынды Жанат Ахатовтың тазысы Сағым, II орынды Алижан Нұрмұхаметовтың тазысы Сұңқар, III орынды Айдын Асқарбекұлының тазысы Тұйғын иеленді.
Жеңімпаздарға аудан әкімінің атынан мадақтамалар, ақшалай сыйлықтар, кубог, медальдар және Зайсан ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған төсбелгілер тапсырылды.