ШҚО-да ардақты зейнеткерлерге құрмет көрсетілді
Туған жердің игілігі үшін ұзақ жыл еңбек еткен Шығыс Қазақстанның ардақты зейнеткерлері Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайында өткен үшкүндік ардагерлер съезіне қатысты.
ШҚО-ның барлық аудандарынан жиналған ардагерлер ұйымдарының 50-ден астам өкілі демалып, сауықтыру процедураларынан өтіп, бұрынғы достарымен және әріптестерімен жүздесіп қайтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Құрметті ардагерлерді қарсы алған Шемонаиха ауданының Выдриха ауылындағы «Уба» шипажайы – бұл бірегей демалыс орны, зейнеткерлерге арналған мемлекеттен қаржыландырылатын еліміздегі жалғыз шипажай. Ол облыс орталығынан 80 шақырым жерде Уба өзенінің әдемі жағалауында орналасқан. Ем-шараның жалпы кешенінде шипалы балшық және климаттық емдеу кеңінен қолданылады, емдік терренкур ұйымдастырылады. Массаж, емдік дене тәрбиесі, физиоемдеу, физиомассаж және ингаляторий кабинеттері жабдықталған. Мұнда жыл сайын 5 мыңнан астам адам тегін демалады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев съездің соңында ардагерлерге аймақтағы ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлестері және белсенді азаматтық ұстанымы үшін Құрмет грамотасын, сондай-ақ «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» марапатын табыстады.
Бірер күн бұрын «Уба» шипажайында «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әндер байқауы өтті. 85 жастағы Советқан ата әділ қазылар алқасын өнерімен тамсандырып, 1 орын алды.
Демалушылар шипажайдағы тамаша сервис пен медициналық қызмет көрсетудің жоғары деңгейін айтып отыр.
Келесі жылы шипажайда жаяу серуендейтін саябақ аймағын жасауды жоспарлап отыр екен.