KZ
Өскемен
-27°
плотный туман жел 1 м/с, С
523.72 544.09 5.2

Ақмерліктердің дәрігерлік амбулаториясы болады

Фото: depositphotos.com

Кеше, 09:30 42 Гульжан Мусина

Өскемен қаласында тұрғындарға медициналық көмек көрсететін 72 мекеме, оның ішінде 15 аурухана, 55 амбулаториялық-емханалық ұйым, бір фельдшерлік-акушерлік пункт, бір медициналық пункт бар. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында шаһардағы денсаулық сақтау нысандары жыл сайын заманауи құрал-жабдықтармен  жарақтандырылып келеді. 2024 жылдың соңына дейін 2,0 млрд. теңгенің 96 медициналық құралын сатып алып, жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл бес нысанда күрделі жөндеу жүргізілді және екі  емдеу орнының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу көзделген.

Өскемендіктердің арасында қатерлі ісіктерден сырқаттанушылықтың 4,8% - ға, қатерлі ісіктерден өлім-жітімнің 0,8% - ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан сырқаттанушылықтың 33% - ға төмендегені байқалады. Нәресте өлімі 39,5% - ға қысқарды және бір мың тірі туылғандарға 4,6 жағдайды құрады. Қала бойынша ана өлімі тіркелген жоқ.

Өскеменде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, 146 төсектік көпсалалы гематологиялық орталықтың құрылысы жалғасуда. Ол молекулалық-биологиялық, генетикалық зертханамен және бағаналы жасушаларды өсіру зертханасымен жабдықталады, бұл  пациенттерге диагностикадан оңалтуға дейінгі медициналық қызметтердің толық спектрін жүргізуге мүмкіндік береді.

Қала іргесіндегі елді мекендердің тұрғындарына  медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында Ақмер ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория және  төрт төсектік күндізгі стационардың жобасы әзірленді. Қазір емдеу мекемесін салатын жер телімі де бөлінген. Ақмерліктерге ыңғайлы болу үшін дәрігерлік амбулатория Жаңажол көшесі бойындағы мектептің маңайынан бой көтереді.

- Жобаның жалпы құны 687,0 млн. теңге. Жаңа денсаулық нысанын «OskemenBuild» ЖШС мердігерлік ұйымы салады. Қазір жер жұмыстары орындалды, енді іргетасы қаланып жатыр, - деді қалалық әкімдікте.

Ақмерліктердің енді қалаға шапқыламай, алғашқы медициналық көмекті өз кенттерінде алатын күн де алыс емес.

  Айна Ескенқызы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу