Мемлекеттік қызмет: мүмкіндіктері мен болашағы
Фото: pexels.com
Еліміздің болашағы мен тұрақты дамуы жастардың, әсіресе жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектердің әлеуетіне байланысты. Мемлекеттік қызмет жүйесі елдің экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына ықпал ете отырып, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтады. Сондықтан түлектерді мемлекеттік қызметке тарту – маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Memlekettik Qyzmet: мүмкіндіктері мен болашағы» атты ауқымды форум өтті.
Форумның мақсаты – университеттің соңғы курс студенттерін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тарту және заманауи талаптарға сай мемлекеттік қызметті одан әрі жүйелі дамыту мәселелерін талқылау.
Шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқымбеков, ШҚО ішкі саясат басқармасының Жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы Еркебұлан Балтабеков, облыстық және қалалық басқармалардың өкілдері мен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бітіруші курс студенттері қатысты.
Озық ойлы жас мамандар қажет
Форум аясында «Қазіргі қоғамдағы мемлекеттік қызмет: сын-қатерлер, мүмкіндіктері және болашағы» тақырыбында пікір алмасу алаңы, оқытушылардың шеберлік сағаттары және мемлекеттік қызмет басқармаларының бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда мемлекеттік органдардың өкілдері университеттің болашақ түлектерін іс-тәжірибеден өтуге және одан әрі жұмысқа орналасуға іріктеп, бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жаңа тұжырымдаманың негізгі міндеттері мемлекеттік қызметті адамға бағдарланған және сервистік сипатта ілгерілетуді, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді және басқару процестерін цифрландыруды қамтиды.
Мемлекеттік қызметте инновациялық құралдарды, сатылап мансаптық ілгерілету тетіктерін енгізу, мектеп және жоғары оқу орындары деңгейінде ерте кәсіптік бағдарлауды қолға алу, жауапты лауазымдарға ротацияны кеңейту, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту мәселесі де қарастырылып жатқандығы айтылды.
Департамент дерегі бойынша, қазір облыста төрт мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар. Олардың қатары жыл сайын жас мамандармен толығып отырады. Мәселен, былтыр тоғыз, биыл 24 студент аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарға конкурстан тыс қабылданған.
Мемлекеттік қызметтің қандай артықшылықтары бар?
Мемлекеттік қызмет – бұл мемлекеттің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, халыққа қызмет көрсету, заңдарды орындау және мемлекеттің саясатын жүзеге асыру үшін қажетті құрылымдар мен органдарды басқару саласы.
Мемлекеттік қызметтің негізгі салалары: құқық қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық қауіпсіздік және төтенше жағдайлар, сыртқы саясат және халықаралық қатынастар, қорғаныс және әскери қызмет, ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар, инфрақұрылым және көлік.
Түлектердің мемлекеттік қызметке тартылуы жүйені жаңа көзқарастармен, инновациялық идеялармен және кәсіби дағдылармен байыта алады. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және басқару жүйесіне жаңа серпін береді.
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалау мен ынталандыру жүйесі қызметінің маңыздылығына сәйкес көптеген артықшылықтарды қамтиды.
Форум барысында сарапшылар айтып өткендей, мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесі мен беделі жоғары. Себебі олардың қызметі мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған.
Басты артықшылықтарының бірі - жұмысындағы тұрақтылық. Мемлекеттік қызметкер еңбек келісім-шартымен, заңмен қорғалған, сондықтан себепсіз жұмыстан шығару немесе жұмыссыз қалу ықтималдығы аз. Сонымен қатар, зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік қамсыздандырылуы да тұрақты. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеке сектормен салыстырғанда төменірек болуы мүмкін, бірақ түрлі сыйақылар мен үстемақылар, оның ішінде жылдық қосымша ақы, еңбек жағдайларына байланысты төлемдер қарастырылған. Сондай-ақ, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар мен жеңілдіктер бар. Бұл олардың әлеуметтік жағдайын тұрақты етеді.
Кәсіби даму және оқыту мүмкіндіктері де бар. Көптеген мемлекеттік органдар қызметкерлерін кәсіби даярлау, тренингтер мен курстар ұйымдастыру арқылы олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қызметкерлердің мансаптық өсуіне ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі олардың жұмысқа деген жауапкершілігін арттырып, қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартады. Кәсіби қызметіне деген мотивациясын жоғарылатуға әрі мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға ықпал ететіндігі сөзсіз.
«Елімнің игілігі үшін еңбек етемін!»
Жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант бойынша білім алып, оны жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен жоғары) аяқтаған түлектер үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бастама білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, өңірлерлегі кадр тапшылығын шешу және мемлеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жоюға бағытталған.
Мақпал Бауыржанқызы, Маңырақ ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы:
- Мен 2020 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне мемлекеттік грантқа түстім. Аталған оқу орнын 2024 жылы сәтті аяқтап, бірден мамандық бойынша жұмыс іздеуге кірістім.
Қазіргі уақытта жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер өте көп. Соларды қарастыра келе, мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындау туралы естідім. Бұл бағдарламаға GPA көрсеткіші жоғары, мемлекеттік грантта оқыған және диплом алғанына бір жылдан аспаған кез-келген жас түлек қатыса алады. Осы негізгі шарттармен таныса келе, құжат тапсырып көрдім. Нәтижесінде, қазір Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман қызметін атқарамын. Сіздерде де Жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосатын мемлекеттік қызметке жұмыс жасауға шақырамын.
Айғаным Мұратбекқызы, Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы:
- Мен 2019 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне экология мамандығы бойынша мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. 2023 жылы оқуымды үздік бағамен тәмамдадым. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орнын GPA көрсеткішін жоғары мәнмен аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындалуына болатындығы жайлы естіп, Тарбағатай ауданы әкімінің аппаратына бас маман болып тағайындалдым.
Мемлекеттік қызмет – бұл елге, қоғамға адал қызмет етуге берілген үлкен мүмкіндік және жауапкершілік. Еліміз үшін еңбек ету – баршамызға ең биік абырой. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу арқылы еңбегімізбен қоғамның дамуына өз үлесімізді қосамыз.
Зарина Бейсенқызы, Глубокое ауданы жер қатынастары бөлімі бас маманының міндетін атқарушы:
- Мен Катонқарағай ауданының тумасымын. 2018 жылы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Геодезия және картография» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа оқуға түстім. Бакалавриатты аяқтағаннан кейін академиялық дәрежемді көтеріп, осы мамандық бойынша магистратураға түсуді шештім. Кешенді тестілеуден сәтті өткенімнің және білімімнің нәтижесінде мемлекеттік грантқа ие болған магистранттар тізіміне ендім.
2024 жылы магистратураны бітірдім және менің GPA көрсеткішім 3,87 болды. Бұл көрсеткіш конкурстан тыс мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік береді. Осылайша мені Глубокое ауданының жер қатынастары бөліміне бас маманның міндетін атқарушы лауазымына жұмысқа қабылдады. Бұл жастарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Мемлекеттік қызметкер болу - үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Өз тарапымнан маған артылған сенімді ақтап, жүктелген барлық тапсырмаларды орындауға бар күшімді саламын. Елімнің игілігі үшін еңбек етемін!
«Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы «Ең алдымен адамдар» қағидасы негізінде мемлекеттік қызметті заман талабына сай жетілдіруге бағытталып отыр. Мемлекеттік қызмет әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ғана емес, ол ең алдымен мемлекеттік қызметшінің қоғам алдында жауапкершілікті сезініп, заң мен тәртіпке бағына отырып қызмет етуі»
Дархан Жазықбай
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы
Айжанат Бақытқызы