KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 2 м/с, В
523.86 544.34 5.11

Жиған-терген

Кеше, 19:30 51 Гульжан Мусина

Ал енді болттарыңды бұрап алшы...

Белгілі айтыскер ақын Қонысбай Әбілов Торғай өңірінің азаматы ғой. Бірде қызмет бабымен шопырын асықтырып, «Жеделдетіп жүр, жиынға үлгеуім керек!» депті. Сөйтсе, әлгі пақыр көлігіне салдыр-салақ қарайтын біреу екен. Қаланың шетіне шықпай жатып, қайта-қайта тоқтап, машинаның астына кіріп, босаған болттарды тартып, қайта жүретін көрінеді. Біраз жер жүргеннен кейін баяғы әдетіне басып, тағы да болттарды тартуым керек деп машинаның астына кіріп кетеді. Онсыз да жаны мұрнының ұшына тақалып, үлкен жиналысқа кешігіп келе жатқан Қонысбай шопырын қарғап-сілеп, «Басшыдан таяқ жейтін болдым, неге көлікке салғырт қарайсың, тездетіп жүр?!» деп, алқымға алыпты.

Оған шашауы шығып тұрған көлік шыдас берсін бе, бір бұрылыстан бұрыла бергенде, төрт доңғалағы аспанға қарап аударылып кетіпті.

«Асыққан сайтанның ісі» дегендей, төңкерілген көліктен әупірімдеп әрең шыққан бастық, есін жиған соң ызаға булығып шопырына: «Қайта-қайта машинаның астына кіріп, әуре болмай, шалқасынан жатқанда болттарын дұрыстап бұрап алшы» деген екен.

Біз Іледе төрт ақынбыз

Ақынның да ақыны бар. Тіліп сөйлеп, тура айтатыны, енді бірі астарлап айтып, абайлап жүрсе, тағы бірі жағынан өлең сауғанымен шен-шекпендіге жантықтай жағынып, шыбындаған жылқыдай басын шұлғып жүре береді ғой.

Қытайдың Іле аймағында ел аузына ілігіп жүрген төрт ақын бар екен. Бірақ төртеуінің мінезі төрт түрлі болыпты. Солардың ішінде бас асауы Бауыржан Шормақтың басы ноқтаға сыймайтын, тілімен от көсеп, айтатынын бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын көрінеді. Сол мінезімен билікке жақпай қуғын-сүргін де көріпті. Бірде орталықтағы үлкен бір жиынға шақырып, тәртібі қаралыпты.

Жиынды өткізіп отырған басшы: «Сендер Іледе қанша ақынсыңдар?» – депті. Мәселесі майшаммен қаралып тұрған Бауыржан Шормақ адуланып:

«Біз Іледе төрт ақынбыз,

Бірі өрт ақын.

Біреуі көрт ақын, (мағынасы құмар ойында жеңілуші)

Енді бірі мәрт ақын,

Тағы біреуі шорт ақын» – деген екен.

Бір шошқалық болмады

Ел ішінде небір айтқыштар бар ғой. Түрлі төңкеріс жасап тарихта аты қалған Қытай көсемі Мао Цзе Дунның 100 жылдығын аттап өтуге билік тарапы аса мән бермепті. Қара халық жиналған алаңға дастарқан жайылып шекілдеуік пен сусын беріпті. Артынша Қытайдың Іле аймағында күрескер ақын Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдығы тойланып ас та-төк дастарқан жайылып, айтыс өтіп, түрлі сауық кешіне ұласқанда Бауыржан Шормақ дейтін ақын:

- Мао Цзе Дунның тойында,

Тілді тістеп аш қайттық.

Таңжарықтың тойында,

Іштік-жедік мас қайттық.

Таңжарықтың ұлдары,

Барын шашты қолдағы.

Мао Цзе Дунның ұлдары,

Бір шошқалық болмады, – деген екен.

Топырағың торқа болғыр жарықтық

1921 жылы Қытай Коммунистік Партиясын құрушылардың бірі де, бірегейі болған, 1934 жылы осы Компартияның күн көсеміне айналған Мао Цзе Дун өткен ғасырдың 1976 жылы 83 жасында өмірден озады. Қытай мемлекетінің өсіп-өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген коммунист Кеңес Одағының қанқұйлы мұрттысы Иосиф Сталинмен қатты жолдас болыпты.

Жолындағыны жайпап, қарсы пікір айтқандардың жандарын жаһанамға жіберген екі көсемнің аты аталса, сол зобалаң замандарда ғұмыр сүрген көзі тірілердің денесі әлі күнге түршігеді.

Мао Цзе Дун қайтыс болғанда мың жасасын деуші  едік, өліп қалды, жоқтау өлең шығарсаңшы деп, Тұрақан Жамаш деген ақынға арғы беттегі ағайындардың атқамінерлері қолқа салыпты. Онсыз да ішінде қыжылы бар шайыр:

- Топырағың торқа болғыр жарықтық,

Есіміңді ести-ести жалықтық.

Сталинге қосылып ап Мао Цзе Дун,

Жібергенің белгілі ғой қарық қып, – деген екен.

100-дегі кемпірді алдың ба?

Штаттан тыс тілші, Текелі қаласының тұрғыны Шора Батырбаев ғасыр жасаған кейуана туралы «100 жасаған апа» деп мақала жазып, облыстық «Жетісу» газетінің жауапты хатшының орынбасары Ришад Тұрғанбаевқа пошта арқылы салып жіберіпті.

Оқырманы көп басылымның редакция қоржынына жаңбырдан кейінгі қаулаған саңырауқұлақтай қаптап келіп жататын бума-бума хаттар мен құлаш-құлаш мақалалардың бірі ретінде Шораның жазған материалы да кезегі келмей жатып қалса керек.

Бірде облыс орталығына жолы түсіп, «Жетісу» редакциясына арнайы бас сұққан Шора Батырбев қарсы алдынан шыға келген Ришадқа: «Әй, әлгі 100-дегі кемпірді алдың ба?» – депті. Ағасының ойын түсіне қойған Ришат та:

«30 жасар толықсыған келіншегім бар, 100-дегі кемпірді өзің алмасаң, кім алады?» – деген екен.

 

                                                 Айтақын Бұлғақов

                                                 Республикалық ақындар айтысының

                                                                         жеңімпаз-жүлдегері

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу