KZ
Өскемен
-27°
плотный туман жел 1 м/с, С
523.72 544.09 5.2

Кітапхана және жастар: жаңа пайым

Кеше, 13:30 60 Гульжан Мусина

Оралхан Бөкей атындағы  Өскемен орталық қалалық кітапханасы   жуықта  Қарағанды облыстық кітапханасы жариялаған «Жастарды кітапханаға тарту» атты ашық байқауға қатысып,  жаңа технологияға негізделген бірқатар жобаларын ұсынған-ды. Байқау нәтижесінде біздің кітапханашы Руслан Бабировтың  «Жаңа технология – жас жеткіншектерді кітапханаға тартудың тиімді құралы» атты жобасы үздік деп танылып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. 

Жастар туралы айтқанда Ұлы Абайдың «... жас адамды ақыл-парасат, ғылым мен пайдалы еңбекке баулу керек» - деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі. Бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатқан заманда қазақ жастарының білімді, мәдениетті  болуы аса қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына  биылғы Жолдауында  «....жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел» деп атап өтті. Өйткені, өркениет жолындағы әрбір мемлекеттің іргетасы білімді де сауатты жастардан қаланатыны белгілі.

Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде кітапхананың алатын орны ерекше. Қазіргі кітапхана жастарға қосымша білім алуға, мәдени және интеллектуалды деңгейін көтеруге, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік сыйлайтын орталық. Десек те, жастарды кітапханаға тарту бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды.  

Ашығын айтсақ,  біз 21 ғасырда, ашық әлемде өмір сүріп жатқан Z - ұрпақ пен  Альфа-ұрпақты 20 ғасырдағы ескі жұмыс түрлерімен қызықтыра алмаймыз. Өйткені, қазіргі жас жеткіншектер виртуалды әлемнің тұрғындары, олардың айналаны қоршаған ортаға деген өзіндік ұстанымдары мен пікірлері қалыптасқан.  Жас жеткіншектер үнемі қозғалыста, шығармашылық ізденісте болады. Олар жаңалықты тез қабылдап, жаңа дүниені жаратуға бейім тұрады. Сондықтан, қазіргі жастарды кітапханаға тек жаңа технология арқылы тарта аламыз.

Осыны негізгі бағдар етіп алған жазушы Оралхан Бөкей атындағы  Өскемен орталық қалалық кітапханасы   жас жеткіншектердің  ұлттық санасын жаңа технология жетістіктерін пайдалана отырып серпілтуді көздейді. Мәдениет ошағында жас өрендер  қазақ мәдениетінің таңғажайып әлеміне жетелейтін  VR-қосымшасы арқылы киіз үй құрастыруды, Dicital fashion арқылы цифрлық ұлттық киімдерді үлгілеуді және «VR-асық» ойынын үйренуде.  

Сонымен бірге, Жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен ескірген суреттерді қалпына келтіруді қызыға игеруде. Кітапхананың жас программист мамандары жастарды кітапханаға осындай жаңашыл, креативті үйірмелер мен курстар арқылы  тартуда.

Жуықта «Жастарды кітапханаға тарту» атты ашық байқауға ұсынған, жаңа технологияға негізделген жобаларымызға тоқтала кетсек. Олар қандастарымыздың балаларына арналған «Жас IT-жеткіншек» - цифрлық сауаттылық орталығы;  3D модельдеу, 3D басып шығару;  Жасанды интеллект (ЖИ), "Jasyl Ui" (Жасыл үй) экологиялық  мәдениет орталығы;  IT мектеп - жас қыздарға арналған бағдарламалау және модельдеу үйірмесі;  "VR-киіз үй" - виртуалды шынайылық студиясы; робототехника, 3D-мен сурет салуға үйрету;  комикс пен манга жанкүйерлеріне арналған «COMICS-CLUB».

«COMICS-CLUB» орталығы интерактивті панель, плакаттармен және сүйікті кейіпкерлердің 3D үлгілерімен жабдықталған жаңа алаң. Жастар аниме және манга кейіпкерлерінің суретін салуды үйреніп,  шеберліктерін шыңдап, әркім өзінің графикалық оқиғасының кейіпкеріне айналып,  комикс әлеміне кіре алады. Комикс алаңында жеткіншектер қызықты кітаптар оқып, ақпараттармен танысады.  

Бұл жобалардың мақсаты -  өскелең ұрпақтың дамуы үшін цифрлық кеңістік құру және оларға ІТ-технологиялар арқылы білім беру, кітапханаға тарту.  Сонымен бірге, кітапхана имиджінің өсуіне, қаржыландырудың барынша артуына ықпалын тигізеді. 

Жобалардың сәтті жүзеге асуының нәтижесінде кітапханаға келушілердің жетпіс пайыздан астамы жастар.  Өйткені Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада келушілерге, оның ішінде, әсіресе жастардың жаңа цифрлық  технологияларды үйреніп, дамуына барлық жағдайлар жасалған.

 Шекер Нұрғалымқызы,

Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапханасының қызметкері

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу