«Лу Бань» шеберханасы: инновациялық білім мен көлік технологияларының тоғысуы
Фото: Altainews
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Лу Бань» шеберханасы базасында озық автомобиль жасау технологияларын зерттеп, мамандар даярлауға арналған бірегей алаң жұмыс істейді. Көп ұзамай Өскемен көшелерімен жасанды интеллект басқаратын, жүргізушісі жоқ көліктердің жүретіні күн алыс емес, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Лу Бань» шеберханасында «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану» мамандықтары бойынша білім алатын 400-ге жуық студент теорияны тәжірибемен ұштастырып оқиды. Олар экологиялық таза көліктермен жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, білімдерін жетілдіруде. Мұндай көліктер қоршаған ортаға минималды әсер етеді. Электромобильдер мен гибридті көліктер жанармай, дизель отыны немесе газбен жүретін іштен жану қозғалтқыштары бар қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда тиімді және экологиялық тұрғыдан ұтымды.
ОЗЫҚ ПОЛИГОН
«Лу Бань» шеберханасы 2023 жылдың соңында Өскемен қаласында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі, Қытайлық серіктестер, Шығыс Қазақстан облысы мен ШҚТУ басшылығының қатысуымен ашылды.
Бұл шеберхананы ашу жөніндегі келісім 2023 жылдың көктемінде Сиань қаласында (ҚХР) Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесуі барысында қабылданған болатын.
Келісім аясында қысқа мерзімде үлкен жұмыс атқарылып, «Лу Бань» шеберханасын ашу мен оқу процесін ұйымдастыру мәселелері шешілді. 2024 жылдың ақпан айында бұл шеберханаға Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, бірлескен жобаның іске асу барысымен танысты.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ өкілдерінің айтуынша, қазақстандық және қытайлық тараптардың жұмысы ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған. Жобаны жүзеге асыруға жауапты академиялық мәселелер жөніндегі проректор Әсия Машекенова серіктестік тақырыбының неге дәл осы бағытта таңдалғаны туралы айтып берді:
– Шығыс Қазақстанның географиялық орналасуының ерекшеліктеріне байланысты көлік саласының маңызы әрдайым зор. Әсіресе автомобиль көлігіне ерекше салмақ түседі, сондықтан бұл бағыт бойынша мамандар дайындау дәстүрі бізде әрдайым мықты болған.
Шынында да, Шығыс Қазақстанның –40 градустық аяздан +40 градусқа дейін жететін күрт континенталды климаты, температураның тәуліктік және маусымдық үлкен ауытқулары, сондай-ақ таулы және далалық алуан түрлі рельефі аймақты жаңа көліктерді сынақтан өткізу мен заманауи технологияларды тестілеуге арналған тамаша полигон етеді.
«ЛУ БАНЬНІҢ» БЕС ПРИНЦИПІ
Бұрынғы жылдары Шығыс Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының түрлі қалалары мен өңірлерінде, тіпті шетелдерде сұранысқа ие мамандар даярланғаны жасырын емес.
Алайда қазіргі халықаралық күн тәртібі, соның ішінде декарбонизация жобалары, көміртекті із қалдыратын энергия көздерінен бас тарту және «жасыл» экономиканы дамыту тренді жаңа бағыттарды айқындап отыр. Бұл өзгерістер ШҚТУ мен Қытайдың жоғары оқу орындарына да қатысты.
Оның айтуынша, алдымен өзіміз оқып, содан кейін өзгелерді оқыту маңызды. Осыған орай, ШҚТУ-дың 15 оқытушысы Қытайда арнайы білім алған. Сонымен қатар, Қытайдан келген 20-дан астам оқытушы біздің студенттерді оқытуға көмектесуде. Жақында Тяньцзинь кәсіптік институтының ректоры студенттерге сабақ өткізді, онымен ынтымақтастық туралы келісім жасалған.
Әрине, толыққанды білім беру үшін материалдық-техникалық база қажет. «Лу Бань» шеберханасын құру үшін университет өз ғимараттарын ұсынды, ал Қытайлық серіктестер тегін түрде электромобиль, гибридті көлік, зарядтау станциялары, құрал-жабдықтар, қажетті қосалқы бөлшектер мен аксессуарлармен жабдықталған оқу стендтерін сыйға тартты.
Сондай-ақ ол «Лу Бань» – жартылай аңызға айналған кейіпкер, халық шебері, әмбебап ұстаз екенін атап өтті. Осыған байланысты мұндай шеберханалар әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі бағыттар бойынша жұмыс істейді.
ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ТӘЖІРИБЕ
Бізге студенттердің теориялық білімдерін тәжірибе арқылы қалай бекітетінін көрсетті. Оқу орындары эргономика заңдарына сай мұқият жоспарланып, жабдықталған. Бір учаскеде профессор Мұрат Мұздыбаев сабақ берсе, екінші учаскеде аға оқытушы Святослав Семенов дәріс оқуда.
Ерекше назар көліктің «жүрегі» саналатын электрлік тартқыш механизмдеріне бөлінген. Әсіресе, автомобильдің электр қуатын қамтамасыз ететін батареяларына, жарықтандыру және электр жабдықтарының элементтеріне арналған арнайы стендтер бар. Сонымен қатар, дәстүрлі қозғалтқыштарға да орын бөлінген.
Үшінші курс студенті Артем Бережныйдың айтуынша, Қытайлық жабдықтар, оқыту әдістемесі және стендтердегі жұмыс ең жоғары деңгейге сәйкес келеді, бәрі нақты және дәл ойластырылған. Әртүрлі оқытушылармен бірге стендтерде автомобильдерді пайдалану, жөндеу, шиналарды орнату, дөңгелектерді теңестіру сияқты қажетті дағдылар жетілдіріледі.
ГАДЖЕТТЕР ДӘУІРІ
ШҚТУ мәліметі бойынша, серіктестіктің келесі кезеңінде «Лу Бань 2» шеберханасының жобасы іске асырылмақ. Бұл жоба интеллектуалды автомобильдік жүйелерді оқытуға бағытталады. Оқу шарттары Қазақстан мен Қытайдың екі жоғары оқу орны және қытайлық компания арасында жасалған үшжақты келісіммен айқындалған. Келісімге қатысушылар көп нәрсені алдағы жылдарға есептеп отыр.
Университеттің айтуынша, «Лу Бань» шеберханасында Алматы, Қостанай, Қарағанды автозаводтарының қызметкерлері болып қайтты. Олар жобаға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл ынтымақтастық толыққанды серіктестікке ұласуы мүмкін, себебі экологиялық және интеллектуалды көлік құрастыру индустриясы Қазақстанда бүгінде қарқынды дамып келе жатыр.
ШҚТУ-да сондай-ақ Ақтөбе облысынан келген, халықаралық жарыстарға қатысу үшін Шығыс Қазақстанға көмек сұрап келген өкілдермен тәжірибе алмасу, оқыту практикасы жүргізіледі. Университет пен «Лу Бань» шеберханасының базасында WorldSkills халықаралық жарыстарында өз мүмкіндіктерін одан әрі дамыту үшін тренингтер ұйымдастырылған.
Айта кету керек, шеберханада майлы жұмыс киімдерін киіп, үлкен балтамен жүрген слесарларды көрмейсіз. Мұнда барлық жерде интеллектуалды құралдар мен стендтер бар, оларды заманауи гаджеттер арқылы басқарады. Бұл жағдай жастарды жаңа технологиялардан жұлып алғың келмейтіндей етіп жасалған. Мысалы, жүргізу дағдыларын жетілдіруге арналған тренажер жолдағы ең күтпеген жағдайларды модельдейді, ал студент рөлде болса, уақытында әрекет етуі керек. Жарыс нәтижелері мониторда көрсетіледі.
ПИЛОТСЫЗ КӨЛІКТЕР: БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ БАСУ
Қазіргі өмір көптеген парадокстарға толы. Олардың бірі – қоғамдық көліктер мен маршруттық автобустардың жүргізушілерінің айтарлықтай жетіспеушілігі. Екінші жағынан, өмірімізге өздігінен қозғалатын көліктер дендеп еніп келеді, бұл туралы жақында ғана ойланудың өзі қиын болатын.
Ал студенттер үшін өздігінен жүретін көліктерді зерттеу үшін стенд бар.
Оның айтуынша, жоба интеллектуалды автомобиль жүйелерін дамыту аясында жалғасады. Бірлескен жоспарлар мен сызбалар әзірленді, жақын арада нысанның құрылысы басталады. Сонымен қатар, болашақтың тағы бір ғаламдық үрдісі – көлік, жол және бұлтты жүйелердің интеграциясы.
SMART үстелінде көліктердің өзара әрекеттесуін зерттеуге арналған жұмыс макеттері, сондай-ақ елімізде танымал ғимараттар мен құрылыстар, оның ішінде ШҚТУ ғимараты орналасқан.
Тайыр Сапарғалиев
Аударған – Ержан Әбіш
Фото редакция мұрағатынан алынды