KZ
Өскемен
-17°
переменная облачность жел 2 м/с, В
523.72 544.09 5.2

Өскеменде ерекше спортшылар марапатталды

Бүгін, 14:00 57 Төлеуғазы Жансая

Өскеменде паралимпиадашыларды марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгін облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының және «Казцинк» компаниясының мұрындық болуымен Шығыс Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының бір топ спортшысы мен олардың бапкерлері демеушілердің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Дәлірек айтсақ, бұл күнгі салтанатты іс-шараға облысымызда паралимпиадалық спортты дамытуға елеулі үлесі қосып жүрген 60-тан астам спортшы мен 15-ке жуық жаттықтырушы қатысты. Жиын барысында сөз алған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құруға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

– Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар! Сіздердің жеңістеріңіз – батылдық пен шексіз адами мүмкіндіктердің көрінісі, тұрақты еңбектің, ерік-жігердің және өмірлік қиындықтарды тайсалмай жеңе білудің нәтижесі. Қазіргі уақытта мемлекет осы бір маңызды салаға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өту керек. Бұл жұмыс мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағытына айналуда. Барлығыңызға облысымызда спортты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Әлі талай биік белестен көрінетіндеріңізге сенімдімін, – деді А.Можанов.

Биыл шығысқазақстандық ерекше қажеттілікітері спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көріне білді. Мәселен, есту қабілеті бұзылған жеңілатлет Фаина Мейірманова үшін 2024 жыл спорттық мансабындағы ең табысты кезең болды деуге толық негіз бар. Өскемендік бұрымды сәуір айында Дубайда жалауын желбіреткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізген болатын. Артынша, шілде айында Тайбэйде өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Әлем біріншілігінің чемпионы атанған. Ал осыдан бірер апта бұрын талантты жерлесіміз тағы бір халықаралық додадан олжалы оралып, қалың жанкүйерін тағы бір қуантып тастаған-ды. Атап айтсақ, Фаина Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Х Азия-Тынық мұхит ойындарында ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсетіп, дүбірлі доданың екі бірдей медалін жеңіп алды. Оның бірі алтын болса, енді бірі – күміс медаль. Алдымен жерлесіміз ұзындыққа секіру сайысында алдына жан салмай, доданың алтын медаліне қол жеткізді. Өскемендік спортшының нәтижесі 5 метр 55 сантиметрге тең болды. Артынша Мейірманова 4х100 эстафестасына қатысып, ойындардың қола жүлдесін жеңіп алғанын айтқан жөн.

– Маған әрдайым қолдау көрсететін жерлестеріме алғысым зор. Облысымызда ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға барынша жағдай жасалып жатыр. Оны жасырмай айтуымыз керек. Біз сияқты жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан барлық азаматқа, облыс басшылығына рахмет айтамыз, – дейді спортшының өзі.

Облыстық басқармадан хабарлағандай, ағымдағы жыл спорттық іс-шараларға толы болды. Оның ішінде әсіресе Парижде өткен жазғы Олимпиада мен Паралимпиада, ерекше спортшыларға арналған Азия ойындары сияқты додалардың орны бөлек. Бір қуантарлығы, біздің паралимпиадашыларымыз бұл байрақты бәсекелерде де намысты қолдан бермей, бірнеше жүлдені қанжығаларына байлаған. Әсіресе шығысқазақстандық спортшылардың жеңіл атлетика, армрестлинг, үстел теннисі, суда жүзу, дзюдо, пауэрлифтинг, ат спорты, тоғызқұмалақ пен футбол сияқты спорт түрлерінен жеткен жетістіктері аз емес екен.


Нұржан Кенжеұлы

Фото-видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу