Дәнге дән қосылады: Шығыс Қазақстанда тұқым сапасы қалай тексеріледі?
Фото: depositphotos.com
Тұқым сапасы – жақсы өнімнің кепілі. Шығыс Қазақстанда егін егу науқанының алдында 70 мың тонна тұқым тексерілді. Бұл қалай жүзеге асатыны туралы «Казагрэкс» АҚ Шығыс Қазақстан филиалының директоры Наталья Губарева айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, тексерілген тұқымдардың 98,7 пайызы сапалы болып шықты, бұл – болашақ өнімнің негізін қамтамасыз ету үшін жақсы көрсеткіш.
– Нақты айтқанда, тексерілген тұқымдардың 58 пайызы бірінші сортқа сәйкес келеді, – дейді Наталья Губарева. – Екінші сортқа 31 пайыз тұқым сәйкес келеді, ал үшінші сортқа өткен тұқымдардың 9 пайызы жатады.
Мамандардың айтуынша, тұқымның сапасы тікелей жаңа өнімнің тағдырын анықтайды. Халықта ежелден-ақ нашар тұқымнан жақсы өнім болмайды деген сөз бар. Бұл ауыл шаруашылығының барлық саласына, соның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына да қатысты. Сондықтан Шығыс Қазақстан шаруалары үшін көктемгі және қыстық егіс алдында басты міндеттердің бірі – өңірдегі шаруашылықтарда сапалы тұқым қорын жасау.
БАБЫНА ЖЕТКІЗУ
Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы – «Тұқымдық және себу материалдарының егу сапасын анықтау» мемлекеттік бағдарламасының әкімшісі, оның шеңберінде шаруалар тек сапалы тұқымдық материалды қолдануы үшін тұқымдардың тексерілуі қарастырылған.
Мамандандырылған басқарманың жариялаған мемлекеттік сатып алу нәтижесінде қажетті қызметтерді көрсететін жеткізуші анықталады. Бұл қызметтер шаруаларға тегін көрсетіледі, өйткені қаржыландыру облыстық бюджеттен бөлінеді, бұл – мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау.
Бағдарламаның басты мақсаты – «Тұқым шаруашылығы туралы» заңды жүзеге асыру, ол егу сапасын тексеруден өтпеген ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын сатуға және егуге пайдалануға тыйым салады. Бұл нарықтың барлық қатысушылары үшін, яғни тұқым егушілер, өсірушілер, өнім жинаушылар, сатушылар және соңында жоғары сапаға үміт артқан өнімді сатып алушылар үшін маңызды. Сондықтан «Казагрэкс» Шығыс Қазақстан филиалы бағдарламаны мүмкіндігінше барлық шаруа қожалықтарына таратуға тырысады, сол арқылы олар тұқымдарын сапасын тексеруге тапсырады.
БИІК МАҚСАТТАР
Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе арттыру міндетін қойды. Осы мақсатқа жетудің бір жолы – ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, бұл тек инновациялық аграрлық технологияларды енгізуге, минералды тыңайтқыштарды қолдануға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға ғана емес, сонымен бірге жоғары сапалы тұқымдарды пайдалануға да байланысты.
– Тұқым сапасын тексеру бес маңызды көрсеткіш бойынша жүргізіледі, – дейді облыстық филиалдың басшысы Наталья Губарева. – Оларға ылғалдылық, тазалық, өну қабілеті, амбарлық зиянкестермен зақымдану, аурулармен жұқпалану және мың дәннің массасы сияқты көрсеткіштер кіреді, сондай-ақ егу сапалығының есебі жасалады.
Мысалы, тұқымдардың өну қабілеті мен мың дәннің массасы егу нормасын есептеуде маңызды роль атқарады, бұл шаруалар көктемгі егіс кезінде басшылыққа алатын көрсеткіштер.
Қазақстанда тұқымдық материалдың сапасын сараптау үшін қажетті нормативтік база құрылды. «Тұқым шаруашылығы туралы» заңнан басқа, «Тұқым сапасын сараптау ережелері», «Сынақ және калибрлеу зертханаларына қойылатын талаптар» сияқты құжаттар да қолданылады. Барлық сынақтар мамандардың айтуынша, МемСТ, ҚР СТ және аралық мемлекет стандарттары негізінде жүргізіледі. Жалпы, тұқым зертханалары жұмысында қажетті жағдайда 96 нормативтік құжаттама түрі пайдаланылады.
– «Казагрэкс» Шығыс Қазақстан филиалының зертханасына тұқым материалын қабылдау сынамаларды қабылдаудан басталады, – деп түсіндіреді Наталья Губарева. – Бұл ретте міндетті талап – тұқымдық құжаттардың болуы. Бұл – тұқымдарға арналған апробация актілері немесе сертификаттар (аттестаттар), олар тегін қызмет көрсету үшін қажет. Апробация актісі – тұқымдық егістердің сорттық және репродукциялық сапаларын растайтын құжат. Сондықтан жаз айларында шаруа қожалықтары өз егістерін міндетті түрде тексеруден өткізуі керек.
КӨКТЕМГІ, ҚЫСТЫҚ ТҰҚЫМДАР
Тұқымдық материалдың сапасын тексеру қызметіне барлық тұқым шаруашылығы қожалықтары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы агропромышлендік саланың ірі кәсіпорындары жүгінеді. Ал орта және шағын агроқұрылымдар әр түрлі себептермен тегін қызметтерді пайдалану үшін аз қимылдайды, бірақ бұл олардың мүддесіне тікелей қатысты.
Көктемгі дала жұмыстарын және өнім жинауды артта қалдырдық. Алайда тұқымдардың сапасын тексеру қажеттілігі күн тәртібінен түспейді және өз маңыздылығын жоғалтпайды. Шаруаларға өздерінің сақтау орындарында тұқымдардың ассортименті мен саны ғана емес, олардың сапасы да қайта тексерілуі қажет, себебі кондициондық куәлікте көрсетілген нәтижелердің қолданылу мерзімі шектеулі. Мысалы, дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар, майлы және мал азықтық дақылдардың тұқымдарына қатысты құжаттың мерзімі бар болғаны төрт ай. Бұны шаруалар есте сақтауы керек.
«Казагрэкс» Шығыс Қазақстан филиалының құрамында тоғыз тұқым зертханасы, Өскемен қаласындағы сынақ орталығы бар. Кәсіпорын 1966 жылдан бастап өз қызметін бастады, тәжірибесі мен дәстүрлері бар. Кешенді желі болу қызметтерді тек Шығыс Қазақстан облысында ғана емес, Абай облысында да көрсетуді қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні білікті мамандардан құралған ұжым 16 аудан мен үш қалаға қызмет көрсетуде.
– Шемонаиха, Алтай, Семей қалаларында дәнді дақылдар сарапшыларының бөлімшелері бар, – дейді Наталья Губарева. – Олар тұқым мен оның өңделген өнімдерін тиеу орындарында уақытылы сараптама қызметтерін көрсетеді. Сынақ орталығы мен аудандық зертханалар ұлттық аккредиттеу орталығынан МемСТ талаптарына және ISO/IEC 17025-2019 стандарттарына сәйкестік бойынша аккредитациядан өткен.
ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТАҒЫ ДА ТАЛДАУ
Тұқым сапасын тексеруден басқа, кәсіпорын астық, бұршақ дақылдары, майлы дақылдар және олардың өңделген өнімдерінің сапасын сараптау қызметтерін көрсетеді (барлық өсімдік майларын қосқанда), сапа паспорты мен сертификаттарын беру арқылы өнімдерді ішкі нарықта және Қазақстаннан тыс экспорттауға мүмкіндік береді. Осылайша, «Казагрэкс» өнімді әлемдік нарыққа экспорттауға көмектеседі, бұл ауыл шаруашылығы мамандары мен мемлекет үшін де тиімді.
Шығыс Қазақстан облысында мал азығы мәселесі соңғы маусымдардағы құрғақшылықпен байланысты өте өзекті болып отыр. Сонымен қатар облыста сүтті мал шаруашылығын дамыту, жаңа фермалар салу, етті бағыттағы ірі қара малды интенсивті түрде бордақылау алаңдарын құруға бағытталған саясат қабылданған. Осы орайда малшылар үшін азық-түлік, шрот, шемішке майы, шөп, силос, сенаж сияқты азықтарды толық тексеру мүмкіндігі өте маңызды.
Ауыл шаруашылығы мамандарына жұмыс барысында көмек көрсету үшін филиал қауіпсіздік көрсеткіштерін (микотоксиндер, ауыр металдар, пестицидтер, радионуклидтер) анықтап, олардың Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестігін тексеруге мүмкіндік береді, содан кейін сәйкестік туралы декларация мен тіркеу құжатын береді.
Сонымен қатар жермен жұмыс істегенде ауыл шаруашылығы мамандарына оның құрамы мен қасиеттері туралы негізгі ақпараттарды білу өте маңызды. «Казагрэкс» филиалының қызметкерлері оларды топырақты агрохимиялық тексеруден өткізіп, бірнеше көрсеткіш бойынша сынақ хаттамаларын беруге көмектесуге дайын.
ТИЯНАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ЖҰМЫС
Филиалдың жоспары бойынша техникалық базаны жаңарту көзделіп отыр, бұл жаңа қызмет түрлерін енгізу үшін қажет, оның ішінде фитопатологиялық талдау да бар, ол жоғары өнім алу үшін маңызды.
– Тұқымдар түрлі ауруларға ұшырайды, – дейді Наталья Губарева. – Оларды ең бастапқы кезеңде анықтау керек, сонда егіс алқаптарына сау тұқым себуге болады.
Ең күрделі талдауларды жүргізу үшін филиал қызметкерлері бас құрылымның көмегіне сүйенеді, бірақ жабдық жаңартылғанда барлығын жергілікті жерде жасауға болады.
Дегенмен, жаңа техника мен жасанды интеллект адам қолын, көзін, интуициясын, еңбегін толық алмастыра алмайды. Тұқымдық зертханада қызметкерлерді «золушкалар» деп атайды, олар әртүрлі дақылдардың дәндерін ширақ әрі мұқият сұрыптайды. Олардың арасында зертхана меңгерушісі Ольга Третьякова, тұқымдық сарапшылар Шамшия Құрманғалиева, Шынар Ауғамбаева бар. Ал сынақ орталығында астық сарапшысы Галина Митникова, химик-сарапшы Майгүл Базарова, астық сарапшысы Татьяна Салманова және басқа да мамандар жұмыс істейді.
– Болашақта әріптестеріміз шаруалар тек тұқымның шығымдылық көрсеткіштеріне ғана назар аудармай, – дейді филиал басшысы. – Сондай-ақ тұқымның репродукциялық сапалары да маңызды, себебі олар әр маусымда жаңартылмаса, өнімділік жоғалуы мүмкін.
Наталья Губареваның айтуынша, тағы бір маңызды көрсеткіш – тұқымның өну энергиясы, сондай-ақ шаруалар жұмысында ғылымның алдыңғы қатарлы жетістіктерін негізге алып, табысқа жету үшін есепке алу қажет басқа да көптеген көрсеткіштер бар.
Мейір Тоқабаев
Аударған – Ержан Әбіш