ШҚО-дағы кадрлық тағайындаулар: Меритократия қағидасы өз күшінде
ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары болып Раушан Аспенбетова тағайындалды.
Раушан Аспенбетова - өз ісінің кәсіби маманы, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесі мол. Қарапайым жұмысшыдан бастап облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарына дейін көтерілді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі 28 жылдан асады, оның ішінде 16 жыл – әкімнің аппаратында. «Инженер-құрылысшы», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.
Еңбек жолын құрылыс компаниясында учаске шебері болып бастаған. 1996 жылы мемлекеттік қызметке келді. Сол кезден бері өмірі мемлекеттік қызметпен байланысты. Облыстық құрылыс басқармасында жетекші, бас маман және бөлім басшысы болып қызмет етті. Кейін ШҚО бойынша сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық басқармасы басшысының орынбасары болды.
Облыс әкімінің аппаратында 2007 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді. Осыған дейін облыс әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болған, бұл лауазымда 2011 жылдан бері еңбек етіп келді.