KZ
Өскемен
снегопад жел 8 м/с, Ю
509.94 593.88 6.43

Ұландықтар «Бүркіт» әскери-патриоттық фильмінің тұсауын кесті

Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
3.11.2023, 10:44 496

ҚР Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы бөлімшелері туралы  “Бүркіт” атты толықметражды көркем фильмі көрерменге жол тартты.  Отандық фильмді киносүйер қауыммен бірге Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірік қолбасшылығының  жеке құрамы да  тамашалады. Ұлттық ұлан туралы отандық “АЮ Синема” кинокомпаниясы түсірген үшінші әскери фильмнің қоюшы  режиссері – Қазақстан кинематографиясында “Алтыншы бекет” және “Қазбат” әскери кинокартиналарының бас продюсері ретінде танымал Данияр Ибрагимов. Аталмыш фильм — оның режиссерлік жұмысындағы дебюті.

Әскери сахналардың продюсерлік жұмысы арнайы күштердің ардагері, күрең берет иегері және жауынгерлік офицер Камал Жақсылықовқа жүктелген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Екінші продюсер – Ильяс Етекбаев, ал желілік продюсері —жауынгерлік іс-қимылдар ардагері Сабыржан Сулейменов. Басты рөлдерді танымал актерлер Санжар Мәди, Дәурен Серғазин және Асылхан Төлепов ойнайды. Фильмде сондай-ақ танымал әнші және музыкант Ғалымжан Молданазар бой көрсетеді. Антқа және қызметтік міндетке деген адалдықты мақсат тұтқан туынды әскерилердің көңілінен шыққандай.

— Қызыл күрең берет алу жолында  —  қажымас күш-жігердің қажеттілігі фильмде айшықталады. Қауіпті қылмыстық топтарға қарсы тұру күнделікті міндеттері болған арнайы жасақ көрерменді өз Отанын қастерлеуге тәрбиелейді. Өңірлік қолбасшылықтың жеке құрамы жауынгерлік рухты  дәріптейтін өнер туындысынан ерекше әсер алды деп ойлаймын, - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы подполковник Денис Ча.

Кинокартинаның түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ екі жүзден астам әскери қызметші қатысқан. Мәдени іс-шараға Шығыс өңірлік қолбасшылығының Семей, Павлодар қаласындағы әскери бөлімдері де атсалысты. Шым-шытырық оқиғаға толы фильм алғашқы минуттан-ақ қалың көрерменді баурап алғандай. Көрермен залында ине шаншар орын болмауы – туындының жоғары деңгейде түсірілгенін аңғартады. Осы орайда үлкен экранға енді шыққан фильмді тамашалап үлгерген Өскемен қаласының тұрғындары өз әсерімен бөлісті.

— Кинодан алған әсерімді жеткізу мүмкін емес. Менің жолдасым да — әскери қызметші. Үйде отырып жұмысқа шұғыл жөнелетін кездері де болады. Мен бүгінгі киноны көре отырып, жолдасымның қызметін түсіндім. Аса зор жауапкершілікті талап ететін маман екендігін бүгінгі кинотуынды толығымен сипаттап бергендей. Жалпы Отан қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға зор денсаулық және қажымас қайрат тілеймін, - дейді қала тұрғыны Зарина Сұлтанбекова.
—  Киноны бір деммен көріп шықтық. Бұрын соңды арнайы жасақ туралы түсірілген қазақстандық кино көрмеппін. Алдағы уақытта жора-жолдастарыма да бұл фильмді көруге кеңес бермекпін. Актерлерге жеке рахмет! Өз өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдап, өз жұмысын мінсіз атқарды, - дейді Зәуре Шарипова.
— Мұндай шытырман оқиғалы, экшн-фильмдерді шетелдік кинолардан ғана көретінбіз. Енді, міне, отандық кино өнімге де таңдай қағып тұрмыз. Жалпы, жастарды патриоттық тәрбиеге баулуда осындай фильмдердің  көп болғанын қалаймын, - дейді қала тұрғыны Мейіржан Исаков

Еске салайық, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне арналған көркем фильм  Мемлекет басшысының әскер жасындағы және әскерге дейінгі жастармен жұмысты күшейту, оларды отансүйгіштік және Отанға қызмет ету рухында тәрбиелеу жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырмасы бойынша түсірілген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу