Зейнет демалысына шыққан өрт сөндірушіні әріптестері ерекше құттықтады
Фото: gov.kz
Өскемен қаласының №4 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы Амантай Қошқаров зейнет демалысына шықты. Осыған орай әріптестері Амантай Қошқаровты ерекше құттықтады. Олар оның үстіне су шашып, шығарып салды.
Ол азаматтық қорғау органдарында 2002 жылдан бері жұмыс істеген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Амантай Қошқаров қызмет барысында 100-ден астам шақыртуға шыққан.
Амантайдың өзі 2006 және 2023 жылы Ұлан және Глубокое ауданында орманды даладағы өртті сөндіруге қатысқанын ерекше еске алады.
Қошқаровтар отбасының 3 баласы бар. Үлкен ұлы Арыстанбек әкесінің жолын қуып, Глубокое ауданындағы №23 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Арыстанбектің бойында осы ізгі мамандыққа деген сүйіспеншілік оянуына әкесі түрткі болған. Ол бала кезінен бастап өрт сөндірушілердің қатарына қосылуды армандаған.
Амантай Қошқаровты зейнет демалысына шығарып салу рәсімі дәстүрге сай өтті. Формасын киіп, дайын тұрған Амантайға әріптестері су шашып, кейін оның құрметіне арнайы көліктің сиренасын қосып, құттықтады.