Аққойын асуында тоқтап қалған жүк көліктері “мұз құрсауынан” шығарылды - ШҚО
Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы хабарлағандай, жолдағы көктайғақтың салдарынан Аққойын асуында тоқтап қалған жүк көліктері трассада ешқандай кедергі тудырмай қозғалыстарын қайта жалғастырды.
Дер кезінде көрсетілген көмек өзінің нәтижесін берді. Таулы аймақтағы жолға шұғыл түрде құм себіліп, ТЖ қызметінің техникалары мен жергілікті компанияның көмек көрсетуінің арқасында көмір тиеген тарбағатайлық автокеруен “мұз құрсауынан” аман-сау құтылып, ілгері жылжыған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жүк көліктеріндегі адамдарға қандай да бір жағдай жасаудың қажеті болмады, өйткені мәселе тез арада шешілді.
Қазір Зайсан билігі мұз құрсаған көлік жолына құм мен қиыршық тас төгу жұмысын жалғастырып жатыр.
Естеріңізге салсақ, бүгін кешке ТЖ кезекшілері Зайсан ауданында көмір тиеген бірнеше жүк көлігі көктайғақтан жүре алмай, таулы аймақтағы асуда тоқтап қалғанын хабарлаған болатын. Жергілікті билік пен ТЖ қызметінің тізе қосып әрекет етуінің арқасында Тарбағатай ауданына көмір апара жатқан адамдарға тиісті көмек көрсетілді.