KZ
Өскемен
+1°
туман жел 3 м/с, Ю
494.87 520.65 4.91

Біздің Риддерде ұлтаралық мәселе жоқ – Қанат Қабдешов

Фото: turizm.pibig.info

27.11.2023, 19:28 156

Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Күршім ауданынан көшіп келген Қанат Қабдешовті қазір Поперечное ауылының тұрғындары ерекше құрметтейді. Біраз жыл шахтада еңбек еткен ол бертін «Қабдешов» шаруа қожалығын құрған. Жұбайы Анна екеуі төрт баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр.

 

Риддерде өткен ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясына қатысқан Қанат Қабдешов жиналған көпшілікке өзінің отбасы, қолға алған кәсібі туралы айтып берді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Қанаттың айтуына қарағанда, қожалықты 2020 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы алған грант қаражатына ашқан екен. Алғашында қала ортасындағы жер үйінде үш жылқы, екі сиырмен жеке шаруасын бастаған ол қазір Қамбар ата түлігінің санын 100-ге жеткізіпті. Оған қоса 30 бас ірі қара мен 70-тей ұсақ мал ұстап отыр. Іргедегі Риддер қаласына күнделікті сүт пен сүт өнімдерін әкеліп өткізеді екен.

 

– Әрекет еткен адамға берекет бар ғой. Тәубе, шаруамыз ілгері басып, өз отбасыма ғана емес, айналамдағы адамдарға да аз да болсын пайдамды тигізіп жатырмын. Осы істі әйелім екеуіміз бірге бастадық. Ол орыс қызы болғанмен қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін өте жақсы біледі. Бие сауып, саумал мен қымыз дайындайды. Әйелім осы залда отыр. Анна екеуіміз қазір төрт бала тәрбиелеп, өсіріп жатырмыз. Біз шаңырақ көтеретін кезде ата-аналарымыз, туыстарымыз қарсы болмады. Қазір мінеки тату-тәтті өмір сүріп, бала-шаға өсіріп, кәсіпті дөңгелетіп отырмыз. Мен өзімді бақытты адам санаймын, – деген Қанат Қайырбекұлы әлеуметтік желілерде тараған Риддердегі ұлтаралық жағдай туралы қауесетке қатысты да өз ойын айтты.

 

– Біздің Риддерде ұлтаралық мәселе жоқ, – дейді ол. – Егер екі адам бір-бірімен келіспей қалса, жеке бастарына қатысты сұрақтар болуы мүмкін. Оны ұлтаралық қақтығыс деңгейіне шығару дұрыс емес. Менің ойымша махаббат пен достық ұлт таңдамайды. Көпұлтты еліміз үшін бұл қалыпты жағдай. Себебі, тілегіміз де, жүрегіміз де бір. Біз сияқты бақытты отбасылар көбейе берсін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу