KZ
Өскемен
-11°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

ШҚО кәсіподақтар орталығында жастар кеңесі құрылды

Суреттер автордікі
Суреттер автордікі
30.11.2023, 19:47 217 Айна Ескенқызы

Кәсіподақтар федерациясы - жұмысшылардың, қызметшілердің мүддесін қорғауға арналған бірден-бір үлкен ұйым. Кәсіподақтар федерациясында еліміз бойынша 16 649 бастауыш ұйым бар. Оған екі миллионға жуық жұмысшы мүше. Оның ішінде отыз бес жасқа дейінгі жастардың үлесі бар болғаны  27 пайыз екен. Федерацияның бүгінгі міндеті - жастарды кәсіподақ қатарына тарту.

 

Оған орай Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы жанынан  кәсіодақтың жастар қанаты - «Келешек» жастар кеңесі құрылды. Оның төрағасы болып облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков бір ауыздан сайланды, деп хабарлайды  Altaynews.kz тілшісі.

 

Бүгін облыстық кәсіподақтар орталығында өткен жиында өңірдегі  «Казцинк», «KAZMINERALS Aktogay», «ҮМЗ», «Өскемен жылу-энергетикалық орталығы», «Эмиль» кәсіпорындарының өкілдері, жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері бас қосты.

 

- Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының тұжырымдамасында басты мақсат - еңбек адамының құқын қорғау, әлеуметтік мәселелерін шешу деп жазылған. Өкінішке орай, көптеген жастарымыз өз құқықтарын біле бермейді, кәсіподақтар федерациясының атқарып жатқан жұмыстарынан хабарсыз. Біз сараптама жасадық. Мысалы, Өскемен жылу-энергетикалық орталығында жұмыс істейтін жастардың тек сегіз пайызы ғана кәсіподаққа мүше екен. Демек жұмысшы жастардың көбі өз құқықтарын біле бермейді деген сөз. Бүгінгі құрылған «Келешек» жастар кеңесі жұмысшы жастардың мүддесін қорғап, оларға федерацияның соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін кеңінен насихаттайды деп сенеміз. Жастар өз құқықтарын білуге тиіс. Осы жиынға жұмысшы жастардың жиналғаны қуантады, - деді ШҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Темірбек Қасымжанов.


 

Темірбек Жұмағұлұлы  алдағы уақытта «Келешек» жастар кеңесінің мүшелерімен еңбекшілердің ұжымдарына барып, кездесулер өткізетіндерін, жұмысшыларға мемлекет атынан,  жұмыс берушілер тарапынан қандай әлеуметтік көмектер қарастырылғанын айтып,  еңбек заңнамаларының орындалуын қадағалайтындарын жеткізді. 

 

- Облыстық кәсіподақтар орталығы, облыстық әкімдік және жұмыс берушілер арасында үшжақты келісімшарт бекітілген. Алайда біздегі республикаға бағынатын кәсіпорындардың көбінде өңірлік келісімшарттардағы талаптар орындалмайды. Мысалы, Семей полигонына қатысты төлемдерді алмай келген. Соңғы үш жылда біздің араласуымыздың нәтижесінде он мыңнан астам жұмысшы осы өтемақыны ала бастады, - деді Темірбек Қасымжанов.


 

Қазір облыстық кәсіподақтар орталығы 2024-26 жылдарға арналған жаңа облыстық келісімшарт жасап, әлеуметтік әріптестерге жіберген. Жаңа жылдың басында жұмыс берушілердің ассоциациясы, облыстық әкімдік және кәсіподақ федерациясы арасында үшжақты меморандум бекітіледі. Темірбек Қасымжановтың айтуынша, ұжымдық еңбек шарттарында өңірлік үшжақты келісімшартта көрсетілген барлық әлеуметтік қолдаулар көрініс табуға тиіс.

 

«Келешек» жастар кеңесінің жұмысшы тобына «AMANAT» партиясының облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Қорлан Туғанбаева, Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ербол, «ҮМЗ» кәсіпорнының жастар орталығының жетекшісі Сергей Головкин және Өскемен жылу-энергетика орталығы жастарының өкілі Сырым Өмірзақов кірді.

 

Сонымен қатар жиында облыстық кәсіподақтар орталығының заң мәселелері және медиация бойынша бас маманы Батырбек Нұрпейісов  ҚР Еңбек кодексінің негіздерімен таныстырып, жастардың сұрақтарына жауап берді.

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу