KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Анкарада Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан табылған жәдігерлердің көрмесі ашылды

16.12.2023, 15:00 956 Назерке Каримова

Түркия астанасы Анкарада орналасқан Анадолы өркениеттер музейінде Қазақстанның Тәуелсіздігі күні мерекесіне және Түркия Республикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды.

Оған қазақстандық археолог Зейнолла Самашевтың Шығыс Қазақстан аумағында жүргізген қазба жұмыстары кезінде Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан табылған 25 мыңнан астам жәдігер қойылған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Игі шара облыс әкімдігі, Түркиядағы Қазақстан елшілігі мен Түрік тарихы және мәдениеті қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Ежелгі өнердің қазынасы әрі әлемдік өркениеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұлы мұраның бір бөлігі саналатын Шығыс Қазақстан жері туралы айтуға мүмкіндік беретін бұл көрме - еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға.

Көрмеге келушілер назарына Зейнолла Самашевтың Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарынан тапқан жәдігерлері ұсынылған. Олардың арасында қайта қалпына келтірілген Берел жылқысы (б.д.д. IV-III ғ.) мен былтыр Тарбағатайдың Елеке сазынан шыққан «Алтын адамға» тиесілі құнды дүниелер бар.

Анадолы өркениеттер мұражайы директоры осы көрме арқылы құнды жәдігерлерді Түркия ғана емес бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік мол екенін айтады.

- Анадолы өркениеттер мұражайында палеолит дәуірінен бергі адамзат тарихына қатысты жәдігерлер сақталған. Ал бүгін мұражайға келушілер түркі тарихымен де танысуға мүмкіндік алып отыр. Сақ мәдениетін басқа да өркениеттермен салыстыра алады. Түркия Республикасының құрылғанына 100 жылдығына орайластырылған шарада Зейнолла Самашевтың “Көне түркі бейнелеу өнері” атты кітабы түрік тілінде жарық көрді. Түріктің тарих және мәдениет қоры басып шығарған еңбекте түрік қағанаттары тарихына қатысты деректер қамтылған. Көрме көрем деушілер үшін тегін және ол қаңтар айының соңына дейін жалғасады, - дейді Анадолы өркениеттер мұражайының директоры Юсуф Кырач. 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу