ШҚО-дан табылған Сақ жәдігерлері Лондонда көрсетілетін болды
2016 жылдан 2018 жылға дейін облыста үшжылдық кешенді археологиялық қазба және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгені белгілі. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған аталмыш бірегей бағдарлама жалғастырылып отыр, ол 2019-2021 жылдарды қамтымақ.
– Алғашқы кезеңдегі іс-шараларға облыстық бюджеттен барлығы 630 миллион теңге қаражат бөлінген-ді. Зерттеу жұмыстарын елімізге белгілі археолог-ғалымдар Зейнолла Самашев, Карл Байпақов және Әбдеш Төлеубаевтардың тікелей жетекшілігімен жүргізілді. Сондай-ақ, зерттеу ісіне Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Түркия, АҚШ, Ресей және өзге де жиырмаға жуық шет мемлекеттің ғалымдары атсалысты, – деп баяндады облыс әкімдігінің кезекті отырысында экономика басқармасының басшысы Раушан Ластаева.
Мұнымен қоса, археологиялық қазбаларға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Семейдегі Шәкәрім университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті сияқты оқу орындарының ғалымдары мен студент жастары өз үлестерін қосыпты.
Үш жылға созылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде облыс аумағындағы 82 қорған, 1 мекен және 1 ғибадатхана толықтай зерттелген. Археологтар бірқатар сенсациялық жаңалықтар ашты. Тарихи мұрамызға қосылған жәдігерлер бір төбе. Айталық, Берелдегі сақ қорғандарынан «Дала амазонкасы» атанған жас жауынгер әйелдің, Елеке сазы жазығынан біздің заманымыға дейінгі 8 ғасырға тиесілі Алтын адамның, Шілікті қорғанынан аң стиліндегі айшықты алтын бұйымдардың, Ақбауыр обсерваториясы аумағынан көне сақ мекенінің, Абылайкит пұтханасынан байырғы жазбалардың табылғаны баршаға мәлім. Жалпы алғанда, археологтар 25 мыңнан астам жәдігер тапқан екен.
Қазір қазба кезінда табылған барлық экспонаттар мен адам сүйектері жан-жақты зерттелу үстінде. Оларға реставрация жасалып, антропологиялық кескін-келбеттері анықталып жатыр. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» конференциясында жұмыстардың нәтижесі түйінделіп, талданып келеді.
– Аймақ басшысының мұрындық болуымен қолға алынған осы игілікті істің пайдасы мол болды. Табылған жәдігерлер тарихымызды байытып, ұлттық құндылықтар қатарын толықтыра түсті. Ең бастысы бөлінген қаражат босқа кеткен жоқ. Жұмыстар әлі де жалғасуда. Алдағы уақытта Британия астанасы – Лондонда «Ұлы дала алтындары» көрмесі өтіп, өңірімізден табылған сақ мәдениетінің алтын бұйымдары еуропалықтар назарына ұсынылмақ, – деп түйіндеді тақырыпты облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев.
Атап өтерлігі, осы жылдың наурызында Алтай қорғандарынан табылған алтын бұйымдардың көрмесі Мәскеу қаласында ұйымдастырылған-ды. Көрме ресейліктердің асқан қызығушылығын тудырып, оны тамашалауға 7 мыңнан астам адам келген болатын.