ШҚО балалары Президенттен сыйлық алды
Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған «Тілектер шыршасы» акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысының балаларына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сыйлықтар табысталды.
Қоян жылымен қош айтысып, Ұлуды қарсы алғалы тұрған тұста өңірдегі аз қамтылған отбасылардың балалары Мемлекет басшысына хат жолдап, армандарын орындауды сұраған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Дәстүр бойынша тілек хаттарды балалар өздері оқитын мектептердегі жаңажылдық шыршаға қалдырған. Хаттардың мазмұны әр алуан. Бүлдіршіндердің бірі ойыншық сұраса, енді бірі ұялы телефон немесе велосипед алғысы келетінін, тағы бірі кітапқа қызығатынын жазған. Сондай-ақ олардың ішінде қазақтың ұлттық аспабы – домбыра үйренгісі келетіндері де бар екен.
– Балақайлардың тілегі орындалды, барлығы да хатта жазған сыйлықтарын алды. Осындай базарлықтармен қуантқан Президентке алғыстарын айтып жатыр, – деп жазды ШҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.
Президент атынан берілген сыйлыққа Өскемен, Риддер қалаларында, Күршім, Катонқарағай және Ұлан аудандарында тұрып жатқан балалар ие болды.
Өскемендік тоғыз жасар оқушы көптен армандаған жаңа ұялы телефон сұрапты.
– Менің телефоны ескірген, жаңасын сатып алуға бізде ақша жоқ. Мен басында тілектің орындалатынына сенбедім. Алайда бүгін біздің үйге жаңа телефон мен тәттілер әкеліп берді. Президентімізге көп рахмет! - деп алғысын білдірді акцияға қатысушы жеткіншектердің бірі.