Шетелдік студенттер Катонқарағай ауданының мектебінде бір ай бойы дәріс өткізді
Массачусетс технологиялық институтының шәкірттері ауыл балаларына ағылшын тілін үйретіп, физика пәнінен сабақ берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, былтыр мамыр айында Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Global Teaching Labs (GTL) бағдарламасына қатысуға өтінім берген еді. Нәтижесінде Катонқарағай ауданындағы С.Ластаев атындағы мектеп GTL тізіміне еніп, әлемнің үздік институтының бірінен екі студент шығыс өңіріне келуге ниет білдірген.
Катонқарағайға келген Массачусетс технологиялық институтының шәкірттері Александр Эдуард пен Ханна Парк ауыл мектебінде бір ай сабақ беріп, өз тәжірибелерімен бөліскен.
Айта кетелік, Массачусетс технологиялық институты (MIT) – АҚШ-та орналасқан, технология және жаратылыстану бағытындағы бағдарламаларымен танымал әлемдік деңгейдегі беделді жоғары оқу орындарының бірі. Әр жылдың қаңтар айында GTL қатысушылары орта және жоғары сынып оқушыларына ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) курстарын, кейде кәсіпкерлік пен пікірталас дағдыларын үйрету үшін шетелге 3-4 апталық сапарға аттанады. Бұл бағдарламаға институт бойынша жүздеген жоғары білікті үміткер тартылып, таңдалған қатысушылар шақырушы елдің білім беру жүйесі және мәдениетімен алдын ала танысып, оқу материалдары мен коммуникация әдістері бойынша дайындықтан өтеді.