KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 6 м/с, ОШ
525.11 546.74 4.88

Шығыста жаңажылдық түнде жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеді

1.01.2025, 12:00 444 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстан облысында Жаңа жыл мерекесінде қызмет атқарып жатқан мекемелер мен олардың қызметкерлеріне ерекше назар аударылды. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев облыс орталығындағы және аудандардағы жедел қызметтердің жұмысымен танысып, қызметкерлерге алғысын білдірді.

Ермек Көшербаев Өскемен қаласының Сол жағалау полиция бөліміне, Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жасағына, сондай-ақ облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасына барып, қызметкерлерді құттықтап, мерекелік тілектерін жеткізді.

— Сіздер адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғап, мерекелік күндері де тынымсыз еңбек етудесіздер. Жаңа жылда сіздерге және отбасыларыңызға амандық, табыс тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Жаңа жыл түні ШҚО бойынша 25 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істесе, облыстағы барлық төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде қызмет атқарды. Өскемен қаласының тәртібін сақтау үшін 300-ден астам полиция қызметкері кезекшілік етті.

Жаңа жыл түні аймақ басшысының орынбасарлары мен қалалар мен аудандар әкімдері де кезекшіліктегі қызметкерлермен кездесіп, алғыстарын білдіріп, мерекелік тілектерін жеткізді.

Өскемен жылу электр орталығының қызметкерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов та құттықтады. Ол энергетиктердің еңбегін атап өтіп, олардың жұмысы мерекелік күндері ғана емес, күн сайын облыс тұрғындарының үйлерінде жылу мен жайлылықты қамтамасыз ететінін айтты.

— Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз және қажырлы еңбектеріңіз барлық әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жаңа жыл сіздерге табыс пен амандық әкелсін, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Өскемен жылу электр орталығында түнгі кезекшілікте жұмыс істейтін қызметкерлермен кездесіп, мерекемен құттықтады.

— Облыс әкімдігінің атынан ел қамы үшін күні-түні еңбек етіп жүрген осы кәсіпорынның қызметкерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Ербол Нұрғалиев.

Жаңа жыл түні полицейлер мен ТЖД қызметкерлерін ең алғашқылардың бірі болып олардың отбасылары – жұбайлары мен балалары құттықтады. Бұл түні жедел қызметтер үшін ең маңызды әрі жауапты кезең саналады.

Мерекелік көңіл-күйде көпшілік жаңа жылды көшеде немесе дастархан басында қарсы алған сәтте, күтпеген жағымсыз жағдайлар орын алуы мүмкін. Осындай жағдайларда жедел қызметтердің негізгі міндеті – шұғыл көмек көрсету, төтенше оқиғалардың алдын алу және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу