Қазақстан пойыздарында 60 мың жолаушы Жаңа жылды қарсы алмақшы
Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанның пойыздары тұрақты әрі үздіксіз жұмысын жалғастыруда. Ұлттық тасымалдаушының пойыздарында шамамен 60 мың жолаушы Жаңа жылды жолда қарсы алады. Осы мерекелік күні жолаушылар арасында ең танымал бағыттар – Астана–Алматы, Астана–Шымкент, Алматы–Шымкент, Астана–Семей және Алматы–Семей,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Теміржол қызметкерлері тәулік бойы үздіксіз еңбек етіп, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салады. Жаңа жыл түні Қазақстан бойынша вокзалдарда 47 кассир кезекшілік етеді. Ал пойыздарда 73 пойыз бастығы мен 1774 жолаушылар вагонының жолсерігі, жалпы саны 115 пойыз бригадасы қызмет көрсетеді.
Жолсеріктер арасында Жаңа жылды жыл сайын пойызда қарсы алатындар бар. Дәстүр бойынша түнгі сағат 00:00-де олар жақындарына қоңырау шалып, құттықтау сөздерін айтады. Содан соң, отбасысы жіберген жаңа жылдық суреттерді қарап отырып, жанұясының жылулығын сезінеді. Бұл сәттер олардың мерекелік көңіл-күйін сақтап, алға жетелейтін ерекше естеліктерге айналады.
Жолсерік үшін ең маңыздысы – жолаушылардың межелі жеріне аман-есен, жайлы және қауіпсіз жетуі. Айта кетсек, жұмысқа шыққан жолсеріктер кесте бойынша жолда 15 күн бойы қызмет атқарады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі