Өскемендегі балалар кітапханасында «Қымызхана» ашылды
Жаңашылдыққа жаны құмар кітапханашылар қауымы әдебиет пен мәдениетке өлшеусіз үлес қосуда. Жаңа форматта іс-шаралар өткізіп, өлке жұртшылығын руханиятпен сусындатып келеді.
ШҚО Балалар және жасөспірімдер кітапханасында Зайсан ауданының тумасы драматург, сценарист, тележурналист Әділбек Тауасаровтың шығармашылығына арналған рухани кеш өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жерлес жазушы Әділбек Тауасаровтың қызметтік ғұмыры теледидармен тікелей байланысты болған. Ол Қазақстан телеарнасы арқылы көптің көңілінен шыққан «Қымызхана» телебағдарламасын құрушылардың бірі. Телебағдарлама өз заманында өмірдің өзекті мәселелерін көтергендіктен көрермендердің көңілінен шыға білген еді. Сондықтан кітапхана төрінде өткен шара «Қымызхана» бағдарламасының форматында өтті. Тіпті, кітапхана залында арнайы қымызхана бұрышы ашылған. Кітапханашылардың айтуынша, алдағы уақытта кітапхана төріндегі «Қымызханада» тұрақты рухани іс-шаралар өтіп тұратындығын айтты.
Жерлес қаламгер Әділбек Тауасаровтың 2008 жылы «Аққу әні» атты кітабы, 2009 жылы «Махаббат аралы» атты екі томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Шараға жиналған жұрт драматургтың «Махаббат аралы» пьесасынан үзінді тамашалап, қаламгер шығармашылығымен танысып қайтты.