Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына 60 жыл
Биыл облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына 60 жыл. Кітапхана ұжымы мерейтойды кең көлемде атап өтті, деп хабарлайды Алтьайньюс тілшісі.
Мерейтойға оқырман қауым көптеп жиылды. Осыған қарап-ақ кітапхананың аты балалар мен жасөспірімдердікі болғанымен, заты барша оқырманға арналғанын білуге болғандай. Кітапханашылардың сөзінше, мұндағы кітап қоры аса бай, барлық жастағы оқырманға арналған.
Мерекелік іс-шарада кітапхана қорында сақталған тарихи суреттер келушілерді аса қызықтырды. Сондай-ақ кітаптардан құрастырылған тәтті «торт» та көңілдерінен шықты. Өйткені жиналған жұрт тәтті «торттың» жібіне ақ тілектері жазылған ақ парақтарды қыстырып кетті.
Ал кітапханашылар ән салып, би билеп, тамаша концерт ұйымдастырды. Ойындардың белсенді қатысушылары сыйлықтарға ие болды.