ШҚО-ның Ұлан ауданы түз тағысын туризмнің тетігіне айналдырып келеді. Биылғы қыста құсбегілер Бозанбай ауылында екінші мәрте бас қосты.
Ақпанның 8 жұлдызында басталған ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионаты бүгін мәреге жетті. Бұл жолғы республикалық бүркітшілер чемпионатына 70-тен астам бүркіт пен 40-тан астам қаршыға және ителгі қатысқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауа райының қолайсыздығы алғашқы күні құсбегілерге аздап ыңғайсыздық туғызған. Дегенмен ұйымдастырушылар мен құсбегілер жарысты жалғастыра түсті. Қарлы боранға қарамастан шырғаға түсіп, қолға қонған қырандар арасынан финалға 4 бүркіт шықты.
- Жыл санап құсбегілік өнерге қызығушылық артып келеді. Ел көлемінде көптеген жарыстар өтуде. Соның ішінде соңғы кезде ШҚО-да құсбегілік өнер қанатын кеңге жаюда. Биыл екінші рет еліміздің құсбегілері Бозанбайда бас қосып отыр. Облыс әкімі мен жергілікті әкімшілік жақсы қолдау көрсетуде. Сондай-ақ атақты бүркітші Айшолпан да осы ауылға көшіп келіпті. Ол да ШҚО-да құсбегілік өнердің дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын. Бұл ауылда Айзере дейтін кішкентай бүркітші қызымыз да бар. Осының бәрін ескеріп ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионатын Бозанбайда өткізуді жөн көрдік. Жарыс жеңімпаздары Астанада өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын болады, - дейді ҚР “Құсбегілік” федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.
Соңғы күні салбурынға жиналған жұрт алдымен қаршыға мен ителгінің аңшылық қызығын тамашалады. Ал соңында финалдағы қырандардың түлкіге түсу бойынша сайысын көрді.
- Қар мен боран қыранның қанатымен ере жүретін табиғи құбылыс ғой. Сондықтан сайысқа да аздап кедергісі болды, ол енді аңшылар үшін қиындық емес. Қалай болғанда да нағыз қырандар финалға шығып, жеңіске жетті. Шығыс Алтай бүркітшілер федерациясын бірнеше жыл басқарып, өңірде құсбегіліктің дамуына өзіндік үлесімді қостым. Енді ШҚО бөлек бөлініп жатыр. Алда мұндағы бүркітшілер жемісті жұмыс істейтін болар, әкімдік те қолдау көрсетіп отыр екен. Бұл жолғы жарыс та жақсы өтті деп ойлаймын. Қазақтың құсбегілік өнері дами берсін! - дейді бүркітші Тәттімбет Кәпұлы.
Үш күнге созылған құсбегілер чемпионаты бүгін аяқталып, жеңімпаздар анықталды.
Бабы мен бағы озған атыраулық құсбегі Әбдікәрімұлы Сарматтың қыраны 2024 жылғы жарыстың чемпионы атанды. Ал 2-орын алматылық Сейітжан Аянға бұйырды. Жүлделі 3-орынды павлодарлық Ысқақов Алаңның бүркіті қанжығалап қайтты. Сондай-ақ қаршыға мен ителгіден де жеңімпаздар анықталды.
- Біраз уақыт болды, Бозанбай ауылына келіп қоныстанып жатырмыз. Осында қоныстануымызға облыс әкімі мен аудан әкімі қолдау көрсетті. Енді Бозанбай ауылында бүркітшілер орталығы ашылады деп жоспарлануда. Сол орталық арқылы ұлттық өнерімізді насихаттауға, жастарға үйретуге үлес қоссам деген ой бар. Бұл жолғы жарыс жақсы өтіп жатыр, - дейді құсбегі Нұрғайып Ырысұлы.
Осылайша, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүзге жуық құсбегі Алтайдың сілемінде қырандарының бабын, қаршығасы мен ителгісінің алғырлығын сынап қайтты.
Фото: Аяужан Утеулинова