Күршім ауданындағы бір ауылда қар суы тұрғын үйдің ауласына жайылды
Күршім ауданындағы ауылдардың бірінде еріген қар суы тұрғын үйдің ауласына кірді.
Жаңбыр жауып, күннің күрт жылынуы салдарынан жылдам еріген қар суы Күршім ауданының Бурабай ауылындағы бір үйдің ауласына жайылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Абай ауылдық округі әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, елді мекеннің іргесіндегі жотадан аққан қар суы жалғыз өзі тұрып жатқан Надежда Игнатова есімді зейнеткердің ауласына жайылған. Бірақ үйдің ішіне су кірмеген.
Оқиға орнына шұғыл аттанған аудан әкімі жағдайды өзі бақылап қайтты. Күршім аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Қасымбаеваның айтуынша, тұрғын үйге су басу қауіпі төніп тұрған жоқ. Жағдай жергілікті атқарушы билік пен ТЖ қызметінің толық бақылауында.
Айта кетейік, алдағы уақытта қар суы тағы да аулаға жайылмауы үшін тез арада ауылдағы шаруа қожалығының техникасымен зейнеткер тұрып жатқан үйдің айналасы көмкеріліп, бекітіледі.