ШҚО-ның дәрігерлері қауіпті отаны сәтті жасады
Фото: Денсаулық сақтау басқармасы
Шығыс Қазақстан облыстық аурухасында дәрігерлер жас әйелдің жатыр миомасына сәтті операция жасады. Отаның бұл түрі өте қауіпті деп саналады.
Хирургтер отаны мультидисциплинарлық тәсіл мен технологияларды қолдана отырып, МӘМС есебінен жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылдың қаңтарында гинекология бөліміне жатырда үлкен миомасы бар 25 жастағы жас әйел түскен екен. Сонымен қатар пациентте митральды қақпақшасының жеткіліксіздігі мен аритмия болған. Бірнеше жыл бұрын келіншекке кардиовертер-дефибриллятор – кардиостимулятордың заманауи жоғары технологиялық бір түрі имплантацияланған еді. Осындай күрделі диагнозы бар науқастардағы операциялар тромбозға және жүректің тоқтап қалуына дейін әкелуі мүмкін, яғни өте қатерлі.
Хирург-гинекологтар ШҚ облыстық ауруханасы көп салалы клиника болғандықтан, бөлімшеде жоғары тәуекелдермен байланысты операцияларды жүргізу мүмкін болғанын айтады. Командада күрделі пациенттермен әртүрлі бағыттағы дәрігерлер жұмыс істейді, дәл осы жағдайда – гинекологтар кардиологтар, аритмологтар, кардиохирургтар реаниматологтармен бірлесіп қимылдады. Мамандардың пікірінше, осындай көпсалалы тәсіл сәттіліктің кепілі болып табылады.
Дәрігерлердің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында гинекологияда жатыр миомасын алып тастау, аналық бездің қатерсіз ісіктері (кисталар, кистомалар), бедеулік, жатырдан тыс жүктілік, эндометриоз және басқа да оталар жасалады. Сонымен қатар жатыр миомасын емдеудің жоғары технологиялық әдісі – жатыр артерияларының эмболизациясы (ЭМА) енгізілді және сәтті дамып келеді. Дәл осы жағдайда науқасқа ЭМА жүргізу қажет болмаған екен.