ШҚО-да «Анама хат» байқауы басталды
Фото: massaget.kz
ШҚО-да «Анама хат - Письмо маме» онлайн байқауы басталды.
Отбасылық құндылықтарды насихаттай отырып, ата-аналардың балаларымен дұрыс қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған игілікті шара 20 ақпан - 4 наурызға аралығында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқауға әлеуметтік желіде белсенді кез келген облыс тұрғыны қатыса алады.
Конкурсқа қатысушылар 28 ақпанға дейін әлеуметтік желілерде #Анама хат – Письмо маме хэштегімен хаттарды жариялайды.
Қалалар мен аудандар әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпанда хаттардың іріктеу турын өткізеді. Онда хаттың шынайылығы, тақырыптың ашылуы, көркемділігі және ерекшелігі бағаланады. Ал 1 наурызда әрбір қала-аудан әкімдігі байқаудың облыстық турына қатысу үшін қоғамдық даму басқармасына 2 үздік жұмысты жолдайды.
Облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері 2 наурызда мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі екі үздік хатты анықтайды.
Үздік деп танылған екі хат 6-7 наурыз аралығында Өскемен қаласында өтетін 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында оқылып, «Анама хат – Письмо маме» байқауының жеңімпазы атанған хат авторлары мен аналарына құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Айжанат Бақытқызы