ШҚО-да әлі жарық көрмеген 9 дастанның қолжазбасы бар
Зайсандық ақын, құсбегі Боранбай Төлепбергенұлы қолында әлі жарық көрмеген 9 дастанның қолжазбасы бар екенін айтады. Бір чемодан қолжазба мұра атасы Сағдолла Нұралин деген кісіге тиесілі екен.
Боранбай Төлепбергенұлының қолында «Арқалық батыр», «Қасен-Жамила», «Зуқа батыр», «Мырзаш батыр», «Күркебай», «Көгедай төренің өлімі» қатарлы дастандар және Қазақ тарихы, Абақ керей мен Найман шежірелерінің қолжазба нұсқасы сақтаулы тұр. Қолжазба иесі оларды дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Абай әлемі» кітаптар сериясына ұсынуда жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл дастандардың қолжазба нұсқасын 1970 жылдары Нариман деген кісімен байланыс жасап, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына №336-339 архивтік папкаға сақтатыпты.
Айта кетейік, «Абай әлемі» жобасы - шығыстың рухани мұрасын насихаттауға арналған дәстүрлі жоба. Бірнеше жылдан бері шығыстың қаламгерлерінің шығармалары жоба аясында жарық көріп келеді.