«Жаздық жолдама»: ШҚО-да 600-ден астам оқушыға жолдама-сертификаттары табысталды
Фото: myslo.ru
Наурыз мейрамын тойлау аясында облыстың барлық аймақтарында «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылыққа бағытталған «Жаздық жолдама-2024» жобасы басталды.
15 наурыз күні «Қазақстан халқына» Қорының «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы балалардың жазғы демалысы үшін 184 ауыл мектебіне барлығы 689 жолдама-сертификаттар тапсырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Жаздық жолдама» жобасы жазғы демалыста ауыл мектептерінің 5-8 сыныптарында оқитын, оқуда үздік көрсеткіштерге ие және мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын орта сынып оқушыларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған.
2023 жылы «Жаздық жолдама» жобасының арқасында біздің облыс бойынша 400 бала «Дарын» балалар лагерінде 10 күн демалып қайтты.
«Қазақстан халқына» қорының өкілдері ауылдық жерлерден келген балалар мен жасөспірімдерге бағытталған «Жаздық жолдама» жобасы өскелең ұрпақты ынталандыруға және отансүйгіштікті нығайтуға ғана емес, сонымен қатар коммуникация, көп мәдениетті ортадағы қарым-қатынас сияқты өмірлік қажетті дағдыларды нығайтуға, сондай-ақ кәсіптік бағдарлаудың элементіне айналады деп санайды.
Жазғы демалысқа жолдама сертификаттарын тапсыру бойынша салтанатты іс-шаралар облысымыздың барлық аудандарында аудан әкімдерінің, ауылдық округ әкімдерінің және білім беру бөлімдері өкілдерінің, сондай-ақ мектеп басшыларының қатысуымен өткізілді.