Ұландықтар алғаш рет торпақ көтеруден жарысты
Кеше Ұлттық спорт күні аясында Бозанбай ауылында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Ауданда алғаш рет торпақ көтеру жарысы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиналғандар арасында аударыспақ, жамбы ату, торпақ көтеру, қой көтеру, арқан тартыс, қол күрес сынды спорттық сайыстар өткізілді. Ең қызықты сайыс 200 салмақты торпақ көтеру болды.
Нәтижесінде торпақ көтеріп 150 метр жүрген Ерлан Базархан бұл сайыстың жеңімпазы атанып, торпақты алып кетті. Ал одан кейін 120 метр жүрген Ермек Жапшиев пен 100 метр жүрген Ербол Дәкиев ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Сондай-ақ, әйелдер де ер азаматтардан қалмай, ешкі көтеріп жарысты.
Ең көп 51 рет көтерген Еркегүл Өнерхан ешкіні еншіледі. Ал жүлделі 2-орынды ешкіні 49 рет көтерген Назым Зейнелова алса, 3-орынды 27 рет көтерген Сәуле Әшкен алды.
Аударыспақ сайысы бойынша жеңімпаз жасөспірімге қой берілсе, ересектер арасындағы жеңімпаз тай мініп кетті.