Арқан тартыстан ШҚО құрамасы бас жүлдеге ие болды
Фото: ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы
Жерлестеріміз арқан тартыстан өткен республикалық жарыстың жеңімпаздары атанды.
Енді шығысқазақстандық спортшылар Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айта кетейік, көшпенділер ойындарының республикалық іріктеу кезеңінің финалы Елордада ұйымдастырылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар арасында өткен жарыс аса тартысты өрбіді. Арқан тартыстан алғаш рет жалауын желбіреткен республикалық жарысқа Шығыс Қазақстан облысының ерлер командасы қатысқан еді. Және бұл байрақты бәсекеде жерлестеріміз намысты қолдан бермей, бас жүлде – бір миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Шешуші айқаста біздің жігіттер Қостанай облысының құрамасынан басым түсті. Бұл сында үздік үштікті Ұлытау облысының командасы түйіндеді.
Осы ретте, аталмыш додада Шығыс Қазақстан облысының намысын Артем Супонев, Ербос Қадырбаев, Руслан Жамбылов, Дастан Ошақбаев, Дәурен Шәріпов, Жүніс Алмас, Тимур Ермоянов, Дінислам Шәкіров пен Станислав Пеньяев қорғағанын, ал команданы Ерлан Уәлиев жаттықтырғанын айту керек.
Сол сияқты, қыздар бәсекесі де аса қызықты әрі тартысты өтті. Бұрымдылар арасында ұйымдастырылған сайыс қорытындысы бойынша жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына Абай облысының құрамасы көтерілсе, екінші орынға Астана қаласының командасы табан тіреді. Ал жүлделі үшінші орын ақтөбелік қыздардың еншісінде.
Жоғарыда айтқанымыздай, республикалық жарыста топ жарған жерлестеріміз енді көшпенділер ойындарына дайындықтарын бастамақ. Еске салайық, кезекті, бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.