Таулы аймақтарда қар қалың, босаңсуға болмайды
Шығыс Қазақстанда су тасқыны кезеңінің бірінші толқыны аяқталуға жақын.
Мамандар таулардағы қар мен ылғалдың көп мөлшерін, күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынды ауа райын ескере келе, сәуірдің екінші онкүндігінде тасқынның екінші толқыны басталып, өзендердегі су деңгейі көтерілетінін болжап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстың шамамен 67 пайызында әлі қар жатыр, көптеген ауданда қардың қоры мен қардағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары.
Бұл – соңғы 50 жылда тіркелмеген рекордтық көрсеткіш.
Облыстың қауіпті аймақтарындағы ахуал тәулік бойы назарда, құтқарушылар әуеден бақылау жұмыстарын бәсеңдеткен емес. Белгілі болғандай, бүгінде таулы аймақтарда жатқан қардың қоры мол. Демек, күн күрт жылынған жайдайда су тасқынының қаупі арта түспек.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды таулы аймақтарға барудан бас тартуға және тасыған өзендердің маңына жоламауға шақыруда.
Жағдай жергілікті атқарушы билік пен Төтенше жағдайлар департаментінің жіті бақылауында.