Тарбағатайда өзенді өз арнасына бұру жұмыстары жүргізілді
Тарбағатай ауданында Сарыөлең ауылын таудан еріген қар суынан қорғаудың үш деңгейлі жұмысы жүргізілді. Ондағы Терісайрық өзенін жағалай бөгеулер салынып, арнасы ретке келтірілген.
Жаңаауыл ауылдық округындағы Терісайрық өзенінің бірнеше жылдан бері басқа жаққа ауып кеткен арнасын өз қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
"Терісайрық өзені бойындағы бірнеше жыл бойы ауып кеткен арнаны тазартып, өзенді негізгі арнаға бұру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс бір күннің шаруасы емес. Өзеннің арнасы жағалай бекітіліп, қырмен жағалатып, арна салынуда. Сарыөлең ауылын таудың еріген су тасқынынан қорғаудың үш деңгейлі бөгеумен қауіпсіздік жұмыстары жүргізіліп жатыр",- деп хабарлады Тарбағатай ауданы әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жалпы Тарбағатай ауданында көмектемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Наурыз айының 20-31 аралығында көктемгі су тасқынының бірінші легінің беті қайтарылды.
– Наурыз айының 20-31 аралығында еріген қар суы бірнеше ауылға қауіп төндірді, алайда жедел атқарылған шаралар нәтижесінде ауылдарды су басу қаупінің алды алынды. Қазіргі уақытта даладағы қар толықтай еріп болып, тоң жіби бастады. Енді су тасқынының екінші легіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таудағы қар мамыр айында ериді, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалиев.
Суреттер Тарбағатай ауданы әкімдігінің ресми парақшасынан алынды
Оқи отырыңыз