Алтай ауданында апаттың алдын алу жұмыстары қызып тұр
Шартты сурет
Алтай ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары әдеттегідей күні бұрын басталып кеткен. Мәселен, алдағы бірнеше күнде аудандағы су арналарында арнайы жарылыс жұмыстары жүргізілмек. Ондағы мақсат – өзендер мен көлдердегі мұз кептелісіне жол бермеу.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оның сөзіне сенсек, наурыз айында Алтай ауданындағы Бұқтырма өзенінің қауіпті деген бес учаскесінде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 85 мың шаршы метр мұз ұсақталады деп күтілуде. Аталған мақсатқа облыс әкімдігінің резервінен 151 миллион теңге бөлініпті.
Еске салайық, ақпан айының басында Шығыс Қазақстанда аймақ басшысы Даниал Ахметовтің үкіміне сәйкес, су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі жарияланған болатын.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, биыл әсіресе Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай, Ұлан және Шемонайха аудандарына қызыл судан төнер қауіп жоғары болып тұр.