ШҚО-дағы екі ірі су қоймасы 79%-ға толған
t.me/QR_Su_resurstari_ministrligi
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі елдегі ірі су қоймаларына су жиналу көрсеткішін жариялады.
Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік және әр екі сағат сайын су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізіліп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәселен, 13 сәуір күні сағат 18.18-де министрлік жариялаған соңғы ақпарат бойынша Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 79%.
Ақмола облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинауы 99%. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, салалары тұрақтанды. Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артуда, сондықтан Ақмола облысының Атбасар елдімекенінде су тасқыны бар.
Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, су тасқыны жалғасуда. Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1176 см, бір тәулікте ол 138 см-ге көтерілді. Жағдай күрделі. Мамандар су өткізу іс-шараларын атқарып жатыр.
Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Өңірдегі жағдай тұрақты.
Абай облысында Шүлбі су қоймасы 95%-ға толды. Аймақта су тасқыны басталды. Шүлбі су қоймасына су жіберіліп жатыр. Жалпы, Ертіс каскадының су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасы 73%-ға толы. Ириклі су қоймасынан жіберілген су әлі Қазақстан шекарасына жеткен жоқ. Оған қатысты болжам өзгермеді. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде.
Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 99%-ға толы, өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Жағдай тұрақты.
Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%, мұнда да су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмысын жалғастыруда.