KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, СБ
487.24 529.34 5.02

ШҚО кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтылды

Фото: ШҚО кәсіпкерлер палатасы

24.04.2024, 09:32 98 Ержан Әбіш

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында «Qazindustry» индустрия және экспорт орталығының мамандары кәсіпкерлерге еңбек өнімділігін арттыруға және отандық тауарлар мен қызметтерді ілгерілетуге бағытталған бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Қазір мемлекеттік қолдау индустриялық дамуға емес, өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындарға жәрдемдесуге бағытталған, – деді «Qazindustry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Ясин Сайлауқызы.

Оның айтуынша, шығындарды өтеу екі бағыт бойынша жүргізіледі. Бірінші бағыт – еңбек өнімділігін арттыру. Ынталандырудың 4 түрі көзделген: қызметкердің біліктілігін арттыру, өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыру, технологиялық процестерді жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу. Екінші бағыт – отандық тауар, қызметті ілгерілету. Сәйкестікті растау кезінде (сертификаттау, бағалау) жұмсалған шығындар бойынша, сәйкестендіру құралдарын салу үшін жабдықтарды сатып алуға байланысты өтінім беруге болады.

– Өтінімдерді онлайн тапсыруға болады. Ынталандыру түріне байланысты шығындарды өтеу мөлшері – 40-50 пайыз, – дейді Ясин Сайлауқызы.

Сарапшы Шығыс Қазақстаннан өтінім саны аз екенін айтты. Алайда кездесуге қатысушылар арасында осы қолдау шарасын қолданған бизнес өкілдері болды.

Көптеген кәсіпкерлер өздерінің қарымта міндеттемелері мәселесі толғандыратынын атап өтті.

– Бізге екі жыл ішінде мемлекет салған сомадан табыс көлемін кемінде екі есе ұлғайту қажет, – деді бизнесмендер. – Егер растамасақ, қаражатты қайтаруға тура келеді.

Ясин Сайлауқызы түсіндіргендей, қайтару толық ұлғайтуға дейін жетпеген бөлігінде ғана болады және Қазақстан бойынша талдау көрсеткендей, барлық кәсіпорын бұл міндеттемелерді сәтті орындайды.

Кездесуге қатысушылар ШҚО Кәсіпкерлер палатасы қарымта міндеттемелерге қатысты қағидаларға өзгерістер енгізу бойынша бастамашы болады деп шешті.

Барлық сұрақтар бойынша бизнесмендер Qazindustry-ге әлеуметтік желілер, байланыс орталығы арқылы хабарласа алады, кеңесшілер сұрақтарға жауап береді. Байланыс нөмірлері: +7 (7172) 793390, 793391, 793392, 793393 (ішкі +444).

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив